Талдықорғанда көп балалы аналар жұмыспен қамтылды

Талдықорғанда көп балалы аналар жұмыспен қамтылды

«Asyl Analar» қоғамдық қоры тігін цехын ашып, көп балалы аналарды жұмыспен қамтыды.

Талдықорған қаласында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен көп балалы және аз қамтылған аналарды жұмыспен қамту мақсатында тігін цехы ашылды. Цехта бастапқыда 20-дан астам әйел жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта  жұмыс орындарын 30-ға жеткізу жоспарланған. Жаңа кәсіпорын жайлы ұсыныс «Asyl Analar» қоғамдық қоры өкілдерінің биылғы ақпанда облыс әкімі Амандық Баталовпен ақпан айында өткен  кездесуде айтылып, өңір басшысы тарапынан қолдауға ие болған еді. Сол жүздесу кезінде  облыс әкімі көп балалы аналарға тігін цехын ашуға, оған керекті орын тауып беруге, тігін машиналарын және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектесуге уәде берген еді. Араға аз ғана уақыт салып барып, уәде орындалды. Кездесу барысында айтылған ұсыныс жүзеге асты.  Тігін цехы ашылып, жұмысын бастап, бірінші тапсырысын орындауға кірісті. Әкімнен нақты тапсырма алған «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ тез арада цех ашуға қолайлы орын таңдап, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізді. Сол сияқты «Jack» әлемдік брендінің заманауи 12 тігін машинасын сатып алынып, 0,01% қаржылық лизингіге берілді. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Тігін цехы халыққа ателье ретінде қызмет көрсетеді. Онда ерлер мен әйелдер киімдері, арнайы киімдер, қорғаныс бетперделері тігіледі, күрделі қалпына келтіру жасалады. Бірінші болып «Талдықорған көркейту» ЖШС өз қызметкерлеріне арнап күртешелер тігуге тапсырыс берді. Мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру мәселесі де шешілген. Қазір цехтың болашақ 12 тігіншісі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тігін ісінің қысқа курсында оқып жатыр. Әзірге  тиісті біліктілігі бар 5 тігінші шағын фабрикада өз жұмыстарын бастады. - Өзіміз сияқты аз қамтылған және көп балалы аналарды жұмыспен қамту үшін тігін цехын ашу туралы ой келгенде, біз  облыс әкімі Амандық Баталовтан көмек сұрадық. Ол кісі бірден қабылдады. Сол кездесудің нәтижесінде бізге барлық тиісті жағдай жасалды. Бүгін арманымыз ақиқатқа айналып, тігін цехы іске қосылды. Біз бірінші кезекте көп балалы аналарды  тұрақты жұмыспен қамтимыз, екіншіден көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдем көрсетеміз. Ұсынысымызға қолдау көрсетіп, сенім артқандарға шын жүректен ризамыз. Ісімізді дөңгелентіп, өзгелерге үлгі боламыз деп ойлаймын, - деді цехтың ашылуы кезінде қуаныштан жүзі бал-бұл жанған «Asyl Analar» қорының құрылтайшыларының бірі Талшын Туктынова. Қоғамдық ұйым құрылайшыларының бірі Айгүл Жоламанова Цехтың құрылу тарихы мен өздерінің жоспарларымен бөлісті.  Оның айтуынша, бііраз жыл мүгедек баласын қарап үйде отырып қалғанда, өзі сияқты аналармен ақылдаса келе, Талдықорған қаласы әкімігінің қолдауымен  қоғамдық ұйым құру жайлы шешім қабылдайды.  Қоғамдық қор құрылып, біртіндеп меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегімен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсете  бастаған. Енді, міне облыс басшылығының көмегімен тігін цехын ашып отыр. Басқа, басқа әйелдердің қолынан келетін шаруа екені айдан анық. Ал алдағы жылдары осы тігін цехын кеңейту,  базасында оқу орталығын ашу да ойларында бар көрінеді. Арнайы жабдықталған ғимарат тауып қойыпты. Осылайша, қарап отырмай, көп балалы аналарды оқытып, өзіміз жұмыспен қамтиды. «Жетісу» ӘКК басшылығы қажетті көмекті көрсететуге, жұмыс жағынан да, тапсырыс жағынан да жәрдемдесуге уәде берген. - Ең алдымен «Asyl Analar» қоғамдық қорын көп балалы аналар үшін тігін цехын ашуымен құттықтаймын. Алғашқы еңбек жолымды осы цехтан бастау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Мен бұған дейін жұмыс істеген жоқпын, балаларымды бағып-қағып, тәрбиелеумен айналыстым. 4 ұлым бар. Үлкенім 12 жаста. Кішкентайым 2 жасқа толды. Жалғызбасты анамын. Тігін өнерін мектепті бітіре сала меңгеріп алғанмын  Енді сол білімімді іс жүзіне асырамын, - дейді жас маман, көп балалы ана Айгерім Асанова.

Болат Абаған, Алматы облысы.