Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласындағы құс фабрикасында алапат өрт шықты, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Өрт фабриканың құстарды өсіретін №7 корпусында тұтанған. Кешкі сағат 17:34-те Бұланды аудандық өрт сөндіру бөліміне телефон шалынысымен құтқарушылар оқиға орнына дереу жөнеліпті.
«Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 800 шаршы мерден артық аумақты шарпыған өрт небары 43 минуттың ішінде сөндірілді. Өрттің басқа нысандарға өтуіне жол берілмеді», - дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.Абырой болғанда фабрикадағы құстар еш зардап шекпеген. Өрт шыққан тұста ғимарат толықтай бос болған. «№7 корпустың жалпы аумағы 1930 шаршы метрді құрайды. Зардап шеккендер болған жоқ. Ғимаратта дәл сол уақытта құстар болмапты. Өрт 18:04-те ауыздықталып, 18:18-де толықтай сөндірілді. Өрт сөндіруге 10 құтқарушылар мен мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметінің үш қыметкері мен Макинск құс фабрикасының жеті жұмысшысы жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда», - деп толықтырды төтенше жағдайлар департаметінен. Облыстық департамент кезекті рет өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертіп, өрт шыққан жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін еске салды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы