Nur Otan балалар интернаттарында жағдайды жақсартуды талап етеді
Nur Otan балалар интернаттарында жағдайды жақсартуды  талап етеді
143
оқылды
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Nur Otan» партиясы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында оңалту орталықтарының құрылысы, отбасын қолдау инфрақұрылымын кеңейту, суицидтің алдын алудың бірыңғай жүйесін енгізу және басқа да өзекті мәселелер талқыланған. Партия хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, «Бақытты отбасы» жобасы аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, еліміздің 220 елді мекенінде интернаттар мен мектептерде жөндеу жұмыстарын жүргізу, медициналық-әлеуметтік мекемелерде балалардың күтім сапасын жақсарту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, 200 қызметкер үшін білім алу ұйымдастырылып және жалақы 50%-ке артты. «Nur Otan» партиясының жанынан қиын жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсету және оларды анықтау үшін «111 шұғыл қызметі» байланыс орталығы ашылды. Ол еліміздің барлық өңірлерінде арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарымен өзара бірлесе жұмыс жасайды. Кеңес төрағасы Динара Закиева өңірлерде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, сол аймақтарға отбасын қолдау орталықтарының санын арттыру қажеттігін көрсететінін атап өтті. Атап айтқанда, аудан орталықтарында отбасыларға, қиын жағдайларға тап болған әйелдерге, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз ету керектігін айтты.  width=
«Жедел әрекет ету топтары жұмыс істеген 10 айдың ішінде барлық өңірде 46 мың отбасыға көмек көрсетілген, оның ішінде құжаттарды ресімдеу, жұмысқа орналастыру және де басқада да кешенді көмектер қамтылған. Партияның сайлауалды бағдарламасында 5 жыл ішінде әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұрғынжай ұсыну бойынша осындай 234 орталық ашу міндеті көзделген», - деді Динара Закиева.
Басқосу барысында Кеңес мүшесі Диана Ерлан Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне балалардың интернаттарда тұратын жатақжайлары мен білім алу сапасын жақсартуға назар аудару керектігін айтты. Мәселен, 2019 жылы Кеңестің жұмыс тобы еліміздің барлық облыстарындағы 61 интернатқа барып, олардың 19-ында санитарлық нормалар мен шарттардың бұзылғаны анықталған. Ескерту алған барлық интернатта материалдық-техникалық база нығайтылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда елімізде 400-ден астам жақсартуды қажет ететін интернат бар. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, уәкілетті органға 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық интернаттағы жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыс кестесін Кеңеске ұсыну тапсырылған. Отырыс қорытындысы бойынша атқарушы органдарға бірқатар ұсыныстар дайындалған. Олардың арасында Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына арнайы мектептерден оралғаннан кейінгі кәмелетке толмағандарды оңалту, мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының санын ұлғайту және т. б. мәселелерді енгізу туралы ұсыныстар бар.