Жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер тісті тегін емдетуге құқылы
Жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер тісті тегін емдетуге құқылы

Мұндай заң 2020 жылы қабылданғанымен, көпшілік мұны біле бермейді. Тіпті тіркелген мекенжайы бойынша ғана емес, жекеменшік емханалардың да көмегіне жүгінуге болады.

Бір ғана талап, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы (МӘМС) болуы тиіс. Сонда кез келген азамат тісін емдете алады. Сонымен қатар шұғыл стоматологиялық көмекті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер ала алады. Ал былтырғы наурыз айынан бастап  мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек балаға күтім жасайтын және жұмыссыз отырғандар да осы топқа кірді.

– 2021 жылдан бастап мұндай емді учаскелік дәрігердің жолдауынсыз-ақ кез келген емханада жасатуға болады. Бастысы, емхананың лицензиясы және МӘМС-ке тіркелуі керек. Оған қоса, тұрмысы төмен отбасылардың 6-12 жасқа дейінгі балаларының тісіне ем тегін жүргізіледі, – дейді медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық стоматология академиясының мүшесі Сәуле Есембаева.

Оның айтуынша, еліміздегі балалардың 76 пайызына қанқұрт түскен. Халықтың ересек бөлігінің  көпшілігінде де осы қиындық.  Негізі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, егде жасқа келген адамның өз тісінің 20 пайызы қалуы керек. Алайда көрсеткішке халықтың 2 пайызы ғана кіріп отыр. Сондықтан тісті жастайынан күту керек екенін жеткізді.

– Жүкті әйел бұрын жұмыс істемесе де, стоматологиялық көмекті тегін алуына болады. Бастысы ол өз емханасына жүктілігі бойынша тіркелсе болды. Сөйтіп, ол осы көмекті алатын 15 санаттың тізбесіне кіреді де, тісін тегін емдетуге құқылы, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департаментінің директоры Ләззат Шоманова.