Рейхстагқа Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін Ресей 76 жылдан кейін мойындады
Рейхстагқа Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін Ресей 76 жылдан кейін мойындады
482
оқылды

Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Instagram парақшасында осыдан 76 жыл бұрын Рейхстагқа Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов туралы хабар таратты. Бұл туралы Сенат аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Негізі дәл 76 жыл бұрын лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа жетіп, алғашқы болып Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін олар Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ екеуі де марапатталмаған еді. Мәскеуден Бауыржан Момышұлының өзі, одан бөлек қазақ зиялылары да Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын беруді сұраған. Дінмұхаммед Қонаев та Брежневтің жеке қабылдауында болғанда осы ұсынысты алға тартқан. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырылмаған. Бұл Рақымжан Қошқарбаевтың өміріндегі жалғыз әділетсіздік емес. Қаһарманның ғұмыры осындай сәттерге толы болған. Кеңес империясының абыройы мен бостандығы үшін күрескен батырдың әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Сондықтан 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. Жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi Рақымжан атамыздың өлімінен кейін ғана ресми түрде дәлелденді. Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыры, қайсар азамат Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы Елбасы «Халық Қаһарманы» атағы берді. Кейін елордада арнайы ескерткіш те қойылды. Бірнеше кітап жазылды, бірқатар фильм түсірілді. Көзі тірі болғанда атамызға ресми Кеңес үкіметі бермеген марапаттан гөрі қаһарманның батырлығы қазіргі жастарының есінде болғаны маңызды. Олай болса, атамыздың аруағы риза болар. Бүгін қазақ тарихының тағы бір даңқ күні деп қабылдауға болады», – деп жазды Максим Споткай.

Біз бұған дейін Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы жазған болатынбыз.