Ауыл – мемлекет идеологиясының күретамыры
Ауыл – мемлекет идеологиясының күретамыры
177
оқылды

Бұл – болашаққа деген ұстаным мен көзқарасымызды нақтылай түсетін маңызды белес, егеменді Қазақстанның жаңа дәуірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кезеңге мерейтой емес, ең алдымен тарихи мәні бар оқиға ретінде қарау керектігін баса айтқан болатын. Сондай-ақ, егемендіктің 30 жылдық белесін құр даңғазалық пен ысырапшылдыққа жол бермей, ел есінде қалатындай атап өтуді де шегелеп тапсырды.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы «аттың жалында, түйенің қомында жүріп» дербес ел болуды аңсап келген арманы орындалып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендігін жариялады. Тәуелсіздігімізді Түркия бастап, әлемнің 100-ден астам мемлекеті мойындады. Сол жылдың аяғына дейін АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Иран сияқты, жалпы саны 19 мемлекет Қазақстанды дербес ел ретінде мойындап, бізбен дипломатиялық қатынастар орната бастады. Арада тағы бір жыл өткенше егемендігімізді таныған мемлекеттердің саны 108-ге жетіп, солардың 70-імен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, 21-і Қазақстанда елшіліктерін ашты. Ал бізді бүгінде жаһан таниды! Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса, Қазақстан парламентаризмінің құрылғанына да сол шама болып қалды, нақтырақ айтсақ, ширек ғасыр толды. Қазақстан Республикасының Парламенті – елдің заң шығару қызметiн жүзеге асыратын, халық атынан сөйлейтін ең жоғарғы өкiлдi орган. Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде осы айтулы датаны да тілге тиек етіп, баршамызға сенім жүктеп, Қазақстанды қуатты елге айналдыруда жұмыла еңбектенуге шақырды. Сондықтан осы бір тарихи кезеңде жүгі ауыр жауапты мандатқа ие болған бізге сенім үдесінен шығып, толымды жұмыс істеу міндеті тұр. Мемлекет басшысы қоғамдағы барлық шетін мәселелер ең алдымен Парламент төрінде талқылануға тиіс деген ұстанымын жеткізе отырып, мемлекеттік биліктің ең жоғарғы өкілдік орган алдындағы маңызды міндеттерін де атап өтті. Баршамызға белгілі, еліміздің ұзақмерзімді дамуы «Cабақтастық, Әділдік және Өрлеу» қағидаттарына негізделген. Онда негізінен азаматтардың лайықты өмір сүруі, қоғамның демократиялануы, заң үстемдігі және әділ сот төрелігі, қоғамдық қауіпсіздік, жемқорлықты түп-тамырымен жою, дені сау және білімді ұлт, жұмыспен қамту, ауқатты заманауи ауыл, табысты кәсіпкерлік, қолжетімді баспана, таза экология және қоғамның қозғаушы күші – жастарға арқа сүйеу туралы бағыттарға басымдық берілген. Осы өркенді істер аясында халықтың тұрмыс-тіршілігін жоғары деңгейге жеткізсек, 30 жылдыққа үлкен тартуымыз да осы болмақ. Шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударылып, халықтың өзі қалаған кәсібімен айналысуына барынша жағдай жасалмақ. 3 500-ден астам ауылды жаңғырту, әрбір елді мекендерге баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күрежолдарды 100 пайызға жөндеу қарастырылмақ. Аграрлық салада да өзекті мәселелер қолға алынбақ. Осындай қадау-қадау міндеттерді бағындыру жолында билік қана емес, әр азамат өз үлесін қосуы тиіс. Сондықтан біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ниет, тілек, білек біріктіріп отырмыз. VII шақырылымдағы Парламенттің Мәжілісінде 2021 жылғы 14 қаңтарда «Nur Otan» партиясы фракциясының алғашқы отырысы өтіп, жиынға партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, фракцияның тиімділігін арттыру тұрғысында бірнеше міндет жүктеген болатын. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы – қолға алынған барлық реформаның заңды жалғасы екендігі даусыз. Осы бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп Жол картасы жасалды. Бұл Жол картасында халықтың бақуатты өмір сүруі, баршаға тең мүмкіндік, әділдік, бірлік, отбасы институтын нығайту, болашаққа деген сөнбес үміт секілді бағыттар кеңінен қамтылған. Біздің бағдарламамыз – елімізді алдағы бес жылда жаңа даму бағытына түсіретін нақты жол картасы. Сондықтан да қоғам «Nur Otan» партиясына тың бастамалар мен білім-білігі жоғары мамандардың генераторы ретінде үміт артып, сеніммен қарайтыны жасырын емес. Біз осы үдеден шығу үшін тура жолда келеміз. Осы орайда мен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде ауыл тақырыбына аз-кем тоқтала кетсем деймін. Бүгінде ел халқының 40%-тен астамы ауылда тұрады. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдың әлеуетін барынша көтеру үшін ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасалатынын баса айтқан болатын. Мәселен, стратегиялық инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізудің жаңа формалары әзірленіп, жалпы алаңын 2,2 млн. гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар жаңа суармалы жер игерілмек. Субсидиялау, осы бағыттағы жетістіктер, егістік алқаптардың жай-күйін зерделеп отыру жолдары заман талабына сай цифрлық жүйеге бағындырылмақ. Жыл сайын егістікті тиімді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың 50%-і субсидияланады. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алу көкжиегі кеңеймек. Аграрлық ғылым үшін мақсатты индикаторлар әзірленеді. Таяу жылдары, нақтырақ айтсақ, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі – 1,3 есе, АӨК-гі еңбек өнімділігі –2,5 есе, ал экспорт 2 есеге ұлғайып, өңделген өнімнің үлесі 70%-ке жеткізіледі. Біз сонда өзімізді елімізде өндіретін отандық негізгі  азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ете аламыз. Сөйтіп біз «ауқатты ауылдар» межесін бағындырамыз. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – береке, бүтін бір елдің асыраушысы десек те қателеспейміз. Сондықтан ауыл идеологиясы ұлт пен мемлекет идеологиясының мәйегі және өркендеу түбірі болып қала бермек. Осы орайда халық қалаулысы ретінде біраздан бері қызу пікірталасқа ұласып келе жатқан жер тақырыбына да аз-кем тоқтала кетейін. Шұрайлы жерімен, байлығымен ерекшеленген ұланғайыр даланы мекендеген ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойына талай басқыншылықты басынан кешкенін тарихтан білеміз. Ата-бабамыз осындай дархан даламызға көз сұғын қадап, меншіктеп алғысы келгендермен ғасырлар бойы күресіп, «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Күлтегін тасында «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым. Терімді, қанымды судай ағыздым» дейтін жолдар бар. Соның бәрі жер үшін болған күрес екені даусыз. Демек, осынау ұланғайыр жеріміз ата-бабамыздан қалған баға жетпес мәңгілік құндылық. Сондықтан да оған немқұрайлы қарай алмаспыз. Президентіміз шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында жариялады. Иә, бұл мәселеде халық та жер тағдырының ертеңіне алаңдаулы. Өз жеріміз өзгеге емес, өзімізге қызмет етсе дейді олар. Бастысы барлығы заңды түрде игерілу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған Жер қатынастары мәселелері жөніндегі заң жобасы Мәжілісте қаралып, оны Мәжіліс депутаттары мақұлдап, енді Парламент Сенатының қарауына жіберілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша түбегейлі байлам жасауды және жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта Жер реформасы жөніндегі комиссия Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы  мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты моратиорийді тағы 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Аталған комиссия ұсыныстарының негізінде қазір арнайы заң жобасы әзірленіп, көп ұзамай Парламент қарауына енгізілетін болады. Біз халық мүддесі үшін қызмет ететін заң қабылдаймыз деп сенемін. Иә, «Nur Otan» партиясы өзіне сенім артқан халықпен қашанда бірге. Қазақстан халқы Ассамблеясымен де бір бағытта, иықтаса жүріп, ой-мақсатын біріктіріп, тамыры терең тарихымызды, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға негізделген қазақстандық патриотизмді дамытады. Күні кеше Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сессияда сөйлеген сөзінде осыдан 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, келешекке бірлікпен және рухани келісіммен бет бұрғанын, соның нәтижесінде егемен еліміздің қазіргі келбетін қалыптастыра алғанымыз туралы атап өтті. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы жетістіктеріне кеңірек тоқтала келіп, алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Олар: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм; азаматтардың құқықтарының теңдігі; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі»; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаттары. Елбасы Ассамблея алдағы жұмыс стратегиясын нақтылағанда осы қағидаттарды негізге алуы керектігін жеткізді. «Менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ал өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев артылған бұл сенімге шын жүректен алғысын білдірді.  «Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Бүгінгідей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Ал Қазақстан сынды құшағы кең, мейірбан мемлекеттің достық бесігінде тербелген 130-дан астам ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметін, сыйластығын үстей түсетін айтулы мерекелердің бірі – 1 мамыр, яғни Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз бәріміз бүгінгідей береке-бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында бір тудың астына бірігіп, жасампаз ұлт ретінде алдымызда тұрған межелі мақсаттарға еш кедергісіз қол жеткізе бермекпіз. Өйткені біз таңдаған жол айқын. Ортақ мереке құтты болсын, ағайын!

Бекқали ТОРҒАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі