Түркістан облысының тұрғыны көлік нөмірінің орнына өзінің есімін жазып алған
Түркістан облысының тұрғыны көлік нөмірінің орнына өзінің есімін жазып алған
149
оқылды
Түркістан облысында көлік нөмірінің орнына есімін жазып алған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан облысының полицейлері құқықбұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында тұрақты түрде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Осындай кезекті тексеру кезінде Сайрам ауданының полицейлері қала көшелерінің бірінде артқы мемлекеттік нөмірі тұратын орынға өзінің есімін қойып алған Мерседес-Бенц автокөліктің бейнежазбасын анықтады. Бейнежазбада жүргізуші жол бойында өзге көліктерден басып озу мақсатында қарсы бағытқа шыққан. Аудандық полиция қызметкерлері автокөлік иесін табу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде автокөлік анықталып, оның иесі Ақсукент ауылының тұрғыны екені белгілі болды. Жігіт жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің үш бірдей бабымен жауапқа тартылды. Олар 590-бабы 4-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 593-бабы 2-бөлігі (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау), 596-бабы 2-бөлігі (Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) бойынша айыпталып отыр. Қазір жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша толтырылған хаттама бойынша жинақталған әкімшілік іс аудандық сотқа жолданды. Жүргізуші кінәсін толық мойындады. Жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін айтты.