Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылғы мамыр айында халықаралық 40 бағыт бойынша 13 елге рейстер бар. Жалпы алғанда, аптасына 117 рейс жасалады.
Сонымен, мамырдағы мерекелік күндері қазақстандықтар келесі елдерге ұша алады: біріншісі – Түркия: Нұр-Сұлтан–Стамбұл, Түркістан–Стамбұл, Алматы–Стамбұл, Алматы–Анталья, Шымкент–Стамбұл бағдарларында әуе көліктері жол тартады. Екінші ел – Біріккен Араб Әмірліктері. Оған жету үшін Нұр-Сұлтан–Дубай, Алматы–Дубай, Нұр-Сұлтан/Алматы/Атырау/Ақтөбе/Қарағанды/ Шымкент/Ақтау–Рас-эль-Хайм, Алматы–Шарджа бағыттарында биылғы 4 мамырдан бастап, Нұр-Сұлтан–Абу-Даби бағытында 16 мамырдан, Алматы–Абу-Даби бағытында 22 мамырдан бастап ұшақтар ұшады. Үшінші ашық ел – іргедегі Өзбекстан: Нұр-Сұлтан–Ташкент, Алматы–Ташкент, Ақтау–Үргенш бағыттары жолға қойылған. Тағы бір ел – солтүстік көршіміз: Нұр-Сұлтан–Мәскеу, Алматы–Мәскеу рейстері орындалуда. Қырғыз Республикасына – Алматы–Бішкек, Беларуське – Нұр-Сұлтан–Минск, Тәжікстанға – Алматы–Душанбе, Украинаға – Нұр-Сұлтан–Киев, Алматы–Киев бағыттарында сапарлауға болады. Оңтүстік Кореяға – Алматы–Сеул, Германияға – Нұр-Сұлтан–Франкфурт, Орал–Франкфурт, Атырау–Франкфурт бағыттары іске қосылады. Танымал курорттық аймақтарға келсек, Мысырға – Нұр-Сұлтан– Шарм-әл-шейх, Алматы–Шарм-әл-шейх, Мальдив аралдарына – Алматы–Мале, Грузияға – Алматы–Тбилиси, сондай-ақ 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан–Кутаиси, Ақтау–Кутаиси және Атырау–Кутаиси рейстері жүзеге асырылады. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалмақ.Елдос СЕНБАЙ