Көпқырлы талант
Көпқырлы талант
192
оқылды

Өткен ғасырдың 60-жылдары еліміздің рухани өмірінің қай саласы  болса да жаңарулар мен серпілістерге толы болды. Әсіресе, ғылымда, өнерде, әдебиетте, спортта көптеп шығып, жас таланттармен толыға түсуі сандық көрсеткіш қана емес, сапалық белгілермен де ерекшеленеді. Осы буын өкілінің бірі – белгілі мемлекет  және қоғам қайраткері, саңлақ журналист, танымал жазушы, талантты аудармашы, зерделі зерттеуші, бүгінде 80-ге келген  ардақты ағамыз. Сұлтан ағаның ұлт мүддесі, ел игілігі үшін мемлекеттік деңгейде атқарған сан-салалы қызметін былай қойғанда,  қазақ тележурналистикасының қалыптасуына сіңірген еңбегінің өзі бір кісі үшін оңай жүк емес.

Әлемдік деңгейдегі ақыл-пара­сат иесі, ұлтымыздың ұяты мен киесі ұлы Абай шыққан өрелі өлкеде туып-өскен Сұлтан Оразалин  бала­лық шағынан-ақ қабілет-қарымын көрсетіп, мектепті күміс медальмен бітіреді. Арман жетегіне ерген талап­кер Қазақ жоғары оқу орын­дарының көшбастары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситеті (қазіргі әл-Фараби атын­дағы Қазақ  ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, оны да үздік  бітірген дарынды жас сол жылдары  ашылғанына төрт-бес жыл болған, шығарма­шылық ұжымының кәсіби деңгейі әлі толық қалыптасып болмаған ұлттық теледидарға қызметке қа­был­данады. 20  жыл бойы бір орын­да еңбек еткен ол қызмет баспал­дақтарына сатылап көтеріліп, ре­дактор, аға редактор, бас редактор болып қызмет атқарды. Тума талант, табиғи дарын иесі Сұлтан Оразалин мектеп қабыр­ғасынан бастап үздіксіз жинаған терең білімінің, қажырлы еңбегінің нәтижесінде бұл аталған қиындық­тарды қиналмай жеңді. Тыңнан түрен салынып, ел өміріне тұңғыш рет енген жаңа саланы еркін мең­геріп, кәсіби маман ретінде қалып­тасқаны журналист-жазушының даңқын шығарып, абырой-атағын асқақтатты. Оның бұл ерен еңбегі  өткен өмір белестерінен, том-том болып шыққан әдеби  туынды­ларынан, серия-серия болып жүр­гізілген телесұхбаттардан, түрлі әдеби-мәдени шара бағдарламасын жасап, телекөрермендердің ықы­ласын арттырған сан алуан тақы­рыптағы телехабардан айқын көрініп тұр. Кезінде Сұлтан аға жа­зып, көгілдір экраннан көрсе­тілген «Қымызхана», «Сұхбат», «Кез­десу», «Шұғыла», «Айтыс», «Қаш­қын», тағы басқа  теле­сценарий­лер мен телепьесалар сол дәуірдің сұранысын өтеген рухани байлық ретінде тарихта қалды. Әмбебап журналист, шебер ұйым­дастырушы Сұлтан  Оразалин – Қазақстандағы көркем телевизия­ның негізін салушылардың бірі және бірегейі. Қазақ телевизия­сының әдеби-драмалық програм­малар бас редакциясын тұңғыш рет ұйымдастырып, 15 жылдан астам уақыт басқарған тұста қазақ теле­дидары барлық тармақтар бойынша жаңа өркендеу жолына түсті, сапа­лы, кәсіби шеберлік, ұжым қызметкер­лерінің интеллектуалдық деңгейі тұрғысынан да қарыштап өсті. Саңлақ журналист, тарлан талант, шебер сөз зергері, майталман телесценарист Сұлтан Оразалиннің әдеби телехабарлары шетелдерде, атап айтқанда Мәскеу, Молдавия, Грузия, Өзбекстан, Қырғыз Рес­публикасы,  басқа да елдердің  теле­арналарында көрсетілуі автордың халықаралық деңгейдегі танымал­дығын көрсетсе, екіншіден, ұлттық телеарна қойылымдарының әлем­дік аренада көрінуінің жарқын мы­салы екені шындық. Көптеген әдеби-драмалық ха­бар, сұхбат сериясын жасап, теле­пьесалар жазып төселгеннен кейін Сұлтан студенттік кезде бастаған бір ізденіс – жазушы Ғабдол  Слановтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен зерттеуін тереңдетіп, толық­тырып, «Шындық және көркемдік шешім» деген монографияға ұлас­тырды. Бұл кітапта қазақтың деректі прозасының дамуына, пуб­лицис­тикаға мол еңбек сіңірген қалам­гердің шағын жанрдағы туындылары алғаш рет тұтас алынып, кеңінен сараланады. Бүгінде қайта жаңғырып, қана­тын кеңге жайған ұлттық өнеріміз «Айтыс» туралы тұңғыш телехабар ұйымдастырып, көпжылдық бағдарлама жасаған, жыраулық өнерді насихаттап, терме жанрын жандандырған  Сұлтан Оразалин екенін телекөрермендер жақсы біледі. Ел өміріндегі сондай өзекті мәселенің   бірі күн өткен сайын ұмытылып, бірте-бірте санадан шыға бастаған ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып түрлерін қайта түлетіп, телехабар арқылы елдің есіне түсіруі де ұлтжандылық қасиеттен дарыған тағылым. Өзінің жан-жақты білімін, ұйымдастырушылық қабілетін жақсы    байқатқан  Сұлтан Оразалин Қазақстан Орталық партия комитетіне қызметке шақырылып, 1984-1986 жылдары  мәдениет бөлімінде нұсқаушы, көркем әде­биет секторының меңгерушісі бо­лып қызмет атқарды. Бұл тұста С.Оразалин әдебиет пен өнердің   дамуына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап,  мемлекеттік деңгейде қолғабыс тигізіп отырды. Ал 1986-1993 жылдары «Өнер» баспасын басқарған тұста баспа өнімдері көптеген шетелдерге таралып, өнер мен мәдениеттің алуан түрлі сала­сын қамтитын 1 000-ға жуық басы­лымның жарық көруін қамтамасыз етті. Қаламгердің барлығын қосқан­да 1 688 беттен тұратын, әрқайсысы жеке атау иемденетін 3 томдық шы­ғармалар жинағы шебер құрылған композициясы, танымдық сипаты, көтерілген мәселенің өзектілігі, тақырып аясының молдығы, көр­кем туындыларының тартымды сюжеті, ұлы тұлғалар жайлы тол­ғаныс­тағы деректердің мазмұн­дылығы   өзіндік ерекшелігімен    баурап алады. «Тас бұлақтың суындай» деп аталатын 1-том «Ынталы жүрек», «Тұлғалар туралы толғаныс», «Шындық және көркемдік шешім», «Авторлық құқық туралы ойлар» деген тарауларда хикая, эсселер, мақалалар, монография, авторлық құқық туралы ойлар ортаға салы­нады. Бұл томға  енген материалдар ғылыми сипатқа бағындырып, әр тараудың бағытына қарай талдау жүргізіледі. Шығармалар жинағының қай томын алсаңыз да мазмұнға бай, танымдық сипаты жан-жақты, көркемдігі келісті, тағылымы ерен,  ойы  терең, тілі шешен, сөзі көсем, сөздері мен сөз тіркестері әсем өрілген сөз өнерінің асыл жиһазы секілді. Деректі оқиғаларға құрылған эсселердің құндылығы тарихи сипатта.  «Алыптардың ақырғы сардары», «Сарабдал», «Толағай», «Парасат пырағы» сияқты эсселердің кейіпкерлері Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есен­берлин, Ш.Айтматовтар өмірде болған, біздің заманымызда өмір сүрген тарихи тұлға  болғандықтан, көрген-білгендері немесе өз құлағымен естігендері шындыққа нақты  жанасады. Соған орай оқырмандар  бірінші кезекте қызықтыратын тарихи шындыққа негізделген туындыларға табан тірейді. Қазақ жазушыларының ең танымал, ұлттық  сөз өнерімізге әлемдік деңгейде абырой әперген қаламгерлердің басым бөлігі жетістікке осы тарихи шығарма­ларымен қол жеткізген. Қаламгердің «Өркениет мәйегі» деп аталған 2-томына тіл туралы толғаныстары топтастырылып, мемле­кеттік тілді дамыту, мәрте­бесін қалыптастыру, республикада тұратын өзге ұлттардың ортақ тіліне айналдыру жайы  сөз болады.  Журналист-ғалымның тіл саясатына қатысты сан алуан мәселені бүге-шігесіне дейін зерделеген проб­лемалық мақалалары, ғылыми та­ным­дық ойлары сараланады. Бұл том­дағы материалдар көлемі жа­ғынан да, көтерген мәселенің өзектілігі тұрғысынан да саяси мәні терең салмақ  арқалап тұрғаны анық. Сұлтан аға әртүрлі  тақырыпта  шығарма жазған кезде көтеріп отырған мәселесінің деректілігіне,   нақтылығына ерекше жауапкер­шілікпен қарайтыны сүйсіндіреді. Сөз қорының молдығы, ойын оқырманға түсінікті етіп, оңтайлы жеткізетін сұңғыла зерде иесіне еріксіз жүгінесіз. Кезінде С.Оразалин қаламынан туған телепьесалары мен сценарий­лері көрерменнің көзайымына айналып, көпшілікке танымал болғаны белгілі. «Өмір айнасында» осы сценарийлар мен пьесалардың мәтіндері кең ауқымда қамтылады.  Жалпы, өнер атаулының (Сөз өнері мен саз өнерінің, сахна өнері мен сурет өнерінің, т.б.) басты міндеті  халыққа эстетикалық тәрбие беру екенін ескерген С.Оразалин әдеби-драмалық хабарлар редакциясын ұйымдастырып, өнердің жаңа түрі – телетеатрды эфирге шығарды. Соған орай өмір шындығын көркем бейнелеуде, сондай-ақ әдебиет пен өнердің таңдаулы үлгілерін наси­хаттауда телетеатр өздерінің кәсіби шеберліктерін арттыра беретіні сөзсіз. Осы орайда теледидардың қай саласы, қай жанры болса да өзіндік өрнек қалыптастырған ағаның көп қырлы талантының бір қыры –  ғалымдығы.   1977 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Шындық және көркемдік шешім» моно­графиясы ағаның ғалымдығын, зерттеушілік қабілетін айқын танытатын еңбек деп білеміз. Белгілі журналист-жазушы Ғ.Слановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл кітап, шын мәнінде зерделі зерттеушіге, ойлы сыншыға тән деңгейде жазылған еңбек екені даусыз. Ондағы ғылыми талдау тереңдігі, пайымдаулардың дәлдігі, сыни пікірдің шыншылдығы кітап жазылған уақытта ғана емес, бүгінгі күні мәнін жоймайтын деңгейде. Көрнекті жазушы, телепуб­лицист, теледраматург, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Телевизия және радио академиясының академигі, Пре­зидент сыйлығының лауреаты Сұл­тан Шәріпұлының 3 том­дық шығармалар жинағы – таң­ғажайып  сырларға кенелтетін, кешкен өмірінің бел-белестерінен тағылым көрсететін мазмұны терең, мағынасы сан тарау зерделі кітап. Ел игілігі үшін жасалған әрбір  жақсы ісі өнеге бастауына айналған автордың әдебиет және өнер саласында  ақылмен атқарып, дәстүріміз бен салт-санамызға енгізген қайталанбас жаңалықтары рухани азық болып, келер ұрпақпен де үн қатысатыны кәміл. Оның айғағы – ұлтымыздың ұлы тұлға­ларын айрықша әспеттеп, сүйінген көңілмен насихаттаған, өзі де әлдеқашан тұлғаға айналған Сұлтан Оразалин ағаның білгірлігі, алысты болжай алатын сұңғылалығы. Биыл 80-ге келіп отырған көп­қырлы талант, қайраткерлігін қаламгерлікпен ұштастырған, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болған ардагер ағаны мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры