«Жетісу» газетінің қос жүйрігі топ жарды
«Жетісу» газетінің қос жүйрігі топ жарды

Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы өңір басшылығының қолдауымен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жо­лындағы шаралармен бірге мәдениет пен әдебиетті насихаттау, жастарды ел мен жерді қадірлеуге, ұлттық салт-дәсүрді құрметтеуге үндеуге қатысты шарапатты істерді жүзеге асырып келеді.

Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүрге сай, жетісулық жүйріктер Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін ой жарысының аламанына түсіп, облыс әкімінің «Ақ қауыр­сын» жүлдесі үшін өткен «Тіл – ғұмыр» байқауында топ жарғандар­дың есімін анықтады.Төртінші рет ұйымдастырылып отырған әдеби аламанға  20-45 жас аралығындағы жалпы саны 62 үміткер қатысты. Оның 45-і поэзия бөлімінде бақ сынаса, проза бағытында 17 шығарма қазылар алқасының талқысына түсті. Жер ұйығы Жетісуда ғана емес, елімізге белгілі ақындардың соңынан ергендердің  бір тобы «Тіл және тәуелсіздік» тақырыбында және еркін тақырыпта өлеңдерін ұсынған.   Ал қалғандары   «Тіл – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ел бірлігін насихаттауға арналған туындыларын сайысқа қосыпты. Үміткерлердің үкілеп бәйгеге қосқан шығармаларын сараптан өткізген әділ­қазылар алқасының құрамында «Жетісу» телеарнасы­ның бас директоры Серік Сары­бай, «Жетісу» газеті бас редакторының орын­басары Жұматай Әміреев, Алматы облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлбақыт Қасен, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Айнұр Төлеу, «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Тұңғатар, Алматы облысы­ның Тілдерді дамыту жө­нін­дегі басқарма­сының әдіскері Жеңіс Жолдыбаевтар болды.  Әдеби ортаның қара қазанында қай­наған кәсіби мамандар, «сен тұр, мен атайын» деген үздіктердің ішінен кіл мықтыны анықтауда бұра тартпады десек артық айтқан­дық бола қоймас. Байқауға қатысушыларды құт­тық­таған облыстық Тілдерді да­мыту басқармасының басшысы Болат Керімбек «Тіл – ғұмыр» до­дасы жайлы егжей-тегжейлі ай­тып, алдағы жоспарлармен бөлісті. «Жетісу» телеарнасының ди­рек­торы Серік Сарыбаев байқауға қазылық еткендегі қазылар жұ­мысын, басты талапқа сай шы­ғар­­ма­ларды әділ саралағанын жеткізді.  – Өңірдің басты әдеби байқауы проза және поэзия бағытында өтті. Дегенмен біз бір дүниені мықтап ескерсек екен. Байқау болған соң оның шарты, талабы болады. Жақсы шығарма жазу – шын ізденген әрбір қаламгердің қолынан келетін дүние. Десек те, біз бұл байқауда көркемдігі көңіл суаратын шырайлы шығармаларды көп кездестіре алмадық,  – деген «Жетісу» телеарнасының дирек­торы Серік Әбікенұлы жалпы шы­ғар­малардың мазмұнына, құры­лымына тоқтала кетті. Проза бойынша сынақта  облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбай­дың аты озды. Жас жазушылар Есболат Айдабосын мен Асхат Өмірбаев  екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ақындар арасында  «Жетісу» газетінің  тағы бір тілшісі Асыл Сұлтанғазы топ жарды. Медет Байжұма екінші,  Нүсіпхан Қадырсұлтан мен  Шұғайып Ақын үшінші орыннан көрінді. «Байқауды ұйымдастырудағы мақсат қаламгер қауымға серпін беру еді.  Бірнеше шығарма келіп түсті, оның арасында көшірме туындылар да кездесті. Сөз мар­жаны төгілген керемет өлеңді оқы­дық деп те айта алмаймыз. Әдеби ортада жүргенімен, додаға атүсті қарағандар да байқалды. Жетісу өлкесінің өзіне тән сөйлеу мәнері, ұйқас­тағы сарыны, ерекше қолтаң­басы болуы керек. Бар қазақтың аузында айтылатын өлең-жырда өз өлкеміздің ақын, жазушыларының қаламынан туындаған дүниелер де болуы тиіс. Осы  мүддеге жұмыс жасауымыз керек. Жүрдім-бардым қарауға болмайды», – деді қазылар алқасының мүшесі Жұматай Әміреев. Алдағы кезде  «Тіл – ғұмыр» мен «Ақ қауырсын» екі бөлек байқау ретінде өткізіл­мек. Бұл өз кезегінде өңірдегі әдебиеттің деңгейін көтерері анық.

Б.АБАҒАН, Алматы облысы