Айыппұл арқалағаны жөн бе?
Айыппұл арқалағаны жөн бе?

Елімізде ақша жымқырғандар әлі де азаймай тұр. Ал жемқорлықтың азаюына қандай жаза ықпал ететіні бізге беймәлім. Кей сарапшылар түйені түгімен жұтқан бұрынғы лауазымды шенеуніктердің қамаудан мерзімінен ерте шығып кететіні немесе айыппұл төлеп құтылатыны жемқорлықпен күресті мәнсіз етіп отырғанын айтса, енді бірі «оларды түрмеде ұстағанша, еселенген айыппұл салып, мемлекет қазынасын толтырсын» дейді. Сонымен, жемқорлықпен күрестің нендей тәжірибелері бар, ауыр жаза оны тоқтатуға септігін тигізе ме?

Оң өзгеріс болмай тұр

Жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2019 жылы 180 елдің ішінде 113-орынға тұрақтаған бола­тын. Ал 2020 жылы 94-орынға кө­терілді. Дегенмен бұл рей­тинг­те еліміз алға жылжыды де­­генмен, алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда былтыр тіркел­ген жемқорлық фактілері ай­тар­лықтай азая қоймаған. Мәселен, 2019 жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 1 002 лауазымды тұлға сотқа тартылса, 2020 жылы 1 021 адам сотталған екен. Оның ішінде 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, министрліктің 2 жауапты хатшысы, комитеттің 2 төрағасы, 1 елші мен 5 судья бар. Одан бөлек, он шақты қала мен аудан әкімі бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалпы жемқорлардан 50,7 млрд теңге мемлекет қазы­насына қайтарған. Енді жемқорлықпен күресу­де оған қатысты қаралған жа­за­лар­дың рөліне келсек. Негізі, әлемдік тәжірибеде жемқор­лық­пен күресудің екі түрлі жолы бар. Бірі – соғыс стра­те­гиясы болса, келесісі қыл­мыс­тың алдын алу стратегиясы. Соғыс стратегиясын 1950 жыл­дардың ортасында жем­қор­лыққа қарсы соттар құрған Қытай пайдаланған болатын. Әйткенмен, жемқорларға қа­жет кезінде өлім жазасын да қол­данып жатқан бұл елде бү­гінге дейін жемқорлық толық ауыздықталды деуге келмейді. Жыл сайын шамамен 150-200 адам ақша жымқырғаны үшін жазаланады. Демек, жаза қа­таңдатылған сайын жем­қорлық түбегейлі жойылады деп топ­шылай алмаймыз. Ал қылмыстың алдын алу стратегиясы сәл де болсын тиімді амал тәрізді. Мұндай стра­тегия бірден байқалмаса да, ақырындап оң әсерін ти­гізеді. Яғни, бұл амал үшін кез келген қоғам өкілінде жемқор­лыққа қарсы иммунитет қа­лыптасқаны жөн. Әйтсе де, еліміздің жемқорлықпен күресу жолын толыққанды жоққа шығара алмаймыз. Жемқор­лыққа қарсы мекемелер жұ­мысының тиімділігі артқан сайын елде жемқорлық көбейіп бара жатқандай, барлық сала осындай қылмыстарға белше­сінен батқандай көрінуі мүмкін. Қазір мемлекетімізде дәл осы жағдай көрініс береді. Жем­қорлыққа қарсы күрес үдеген сайын қылмысы әшкере болған адамдар анықталып жатыр. Содан соң кез келген шенеунік жемқор іспетті көрінуі мүмкін.

Жазаның өтеуі айыппұл бола ала ма?

Жалпы, осы кезеңге дейін Қазақстанда сыбайлас жем­қорлық қылмысымен ұсталып, жазасының өтеуі ретінде есе­ленген айыппұл төлеп бостан­дыққа шыққан лауазымды тұлғалар бар. Мәселен, «Қазақ­стан инжиниринг» ұлттық ком­паниясы» АҚ басқарма төра­ғасы болған елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылдың басында қамауға алынды. Сот отырыстары жабық режимде өтті. Алған парасының дәлел­денген сомасы 1 млрд теңгеден асқан. Соған байланысты ол 10 жылға бас бостандығынан айы­р­ылған еді. Бірақ араға бір жыл салып, сот бас бостандығы­нан айыру туралы шешімін қайтып алып, жазасын 2 млрд 139 млн теңге көлемінде айып­пұл­мен ал­мастырды. Сот бекіт­кен айып­­­пұлды Сұлтан­беков тү­гел­дей қайтарған деседі. Бұдан бөлек, 12 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауда­нының №2 аудандық соты «Қазақстан тұр­ғын үй компа­ниясы» АҚ бас­қарма төраға­сының бұрынғы орынбасары А.Өсербаевты 72 млн теңге сомасында айыппұл төлеу жа­засына кесті. Ол жыл басында 2,4 млн теңге пара ал­ған. Бұл – тек жоғары лауазым­ды тұлға­лардың тізбегі. Айып­пұл арқы­лы жазадан құтылған қала мен аудан деңгейіндегі шенділерді толтырып тізбектей беруге бо­лады. Бірақ олардың ақша ар­қылы бостандыққа шыққанына көпшілік наразы болып жата­тын кездер де бар. «Мемлекет ақшасын шығын­дап, оларды түрмеде ұстағанша, айыппұл арқылы босатқан жөн» деп са­найтындар да бар. Мысалы, заңгер Абзал Құспан кез келген қылмыскерді жазаға тартар алдында тиімді жағын қарас­тыру қажетін айтады. – Жемқор дегенде мил­лиондаған ақша жымқырған ерекше билік өкілін елестетеміз. Бірақ шағын мектеп директор­ларынан бастап ауыл әкімді­гінің қызметкерлері, түк билігі жоқ мекеме мамандары да кейде қылмыстың субьектілері болып жататынын ұмыт қал­дырамыз. Жазаны ауырлат­қанмен, қылмыс азаймайды. Оған Қытай елі дәлел. Сол үшін ең бастысы, тиімділік жағын ойлауымыз тиіс. Жалпы, қыл­мыстың 4 сатысы болады. Ауыр емес, жеңіл, ауыр және аса ауыр. Сол тәрізді жемқорлық­тың да онша ауыр емес фор­ма­лары бар. Бұл тұста мұқият болу қажет. Жемқорлардың көп­шілігін ақша төлетіп, айыппұл­мен жауапқа тартқан тиімді. Түрмеге барғанда оған ақшасы жұмыс істейді. Бұл – шындық. Одан да ақшасын бюджетке аудартқан дұрыс. Ал жемқор­лықтың аса ауыр түрлерін жа­сағандарды айыппұлмен шек­телмей, түрмеге қамаған да жөн. Классикалық ұғымда «қо­ғамға қауіпті адамдар» деген дүние бар. Оған адам зорла­ғандар, терракті жасағандар енеді. Дегенмен жемқорлар адам­ға тікелей қауіп төндір­мейді. Сол жағын ескерейік. Бәрінен бұрын жемқорлықпен күрес науқанға айналып кет­пегені жөн, – дейді ол. Түйіндер болсақ, жем­қор­лық кез келген әлем елі үшін күрмеуі қиын мәселеге ай­нал­ған. Біздің пайым­дауы­мызша, жемқорлықтың тоқ­тауына жа­заның ауырлауы емес, жалпы қоғамның одан бас тартуы ғана әсер ететін сын­ды.

М.ТӨЛЕУ