Елімізде ақша жымқырғандар әлі де азаймай тұр. Ал жемқорлықтың азаюына қандай жаза ықпал ететіні бізге беймәлім. Кей сарапшылар түйені түгімен жұтқан бұрынғы лауазымды шенеуніктердің қамаудан мерзімінен ерте шығып кететіні немесе айыппұл төлеп құтылатыны жемқорлықпен күресті мәнсіз етіп отырғанын айтса, енді бірі «оларды түрмеде ұстағанша, еселенген айыппұл салып, мемлекет қазынасын толтырсын» дейді. Сонымен, жемқорлықпен күрестің нендей тәжірибелері бар, ауыр жаза оны тоқтатуға септігін тигізе ме?
Оң өзгеріс болмай тұр
Жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2019 жылы 180 елдің ішінде 113-орынға тұрақтаған болатын. Ал 2020 жылы 94-орынға көтерілді. Дегенмен бұл рейтингте еліміз алға жылжыды дегенмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр тіркелген жемқорлық фактілері айтарлықтай азая қоймаған. Мәселен, 2019 жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 1 002 лауазымды тұлға сотқа тартылса, 2020 жылы 1 021 адам сотталған екен. Оның ішінде 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, министрліктің 2 жауапты хатшысы, комитеттің 2 төрағасы, 1 елші мен 5 судья бар. Одан бөлек, он шақты қала мен аудан әкімі бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалпы жемқорлардан 50,7 млрд теңге мемлекет қазынасына қайтарған. Енді жемқорлықпен күресуде оған қатысты қаралған жазалардың рөліне келсек. Негізі, әлемдік тәжірибеде жемқорлықпен күресудің екі түрлі жолы бар. Бірі – соғыс стратегиясы болса, келесісі қылмыстың алдын алу стратегиясы. Соғыс стратегиясын 1950 жылдардың ортасында жемқорлыққа қарсы соттар құрған Қытай пайдаланған болатын. Әйткенмен, жемқорларға қажет кезінде өлім жазасын да қолданып жатқан бұл елде бүгінге дейін жемқорлық толық ауыздықталды деуге келмейді. Жыл сайын шамамен 150-200 адам ақша жымқырғаны үшін жазаланады. Демек, жаза қатаңдатылған сайын жемқорлық түбегейлі жойылады деп топшылай алмаймыз. Ал қылмыстың алдын алу стратегиясы сәл де болсын тиімді амал тәрізді. Мұндай стратегия бірден байқалмаса да, ақырындап оң әсерін тигізеді. Яғни, бұл амал үшін кез келген қоғам өкілінде жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасқаны жөн. Әйтсе де, еліміздің жемқорлықпен күресу жолын толыққанды жоққа шығара алмаймыз. Жемқорлыққа қарсы мекемелер жұмысының тиімділігі артқан сайын елде жемқорлық көбейіп бара жатқандай, барлық сала осындай қылмыстарға белшесінен батқандай көрінуі мүмкін. Қазір мемлекетімізде дәл осы жағдай көрініс береді. Жемқорлыққа қарсы күрес үдеген сайын қылмысы әшкере болған адамдар анықталып жатыр. Содан соң кез келген шенеунік жемқор іспетті көрінуі мүмкін.Жазаның өтеуі айыппұл бола ала ма?
Жалпы, осы кезеңге дейін Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталып, жазасының өтеуі ретінде еселенген айыппұл төлеп бостандыққа шыққан лауазымды тұлғалар бар. Мәселен, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болған елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылдың басында қамауға алынды. Сот отырыстары жабық режимде өтті. Алған парасының дәлелденген сомасы 1 млрд теңгеден асқан. Соған байланысты ол 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ араға бір жыл салып, сот бас бостандығынан айыру туралы шешімін қайтып алып, жазасын 2 млрд 139 млн теңге көлемінде айыппұлмен алмастырды. Сот бекіткен айыппұлды Сұлтанбеков түгелдей қайтарған деседі. Бұдан бөлек, 12 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары А.Өсербаевты 72 млн теңге сомасында айыппұл төлеу жазасына кесті. Ол жыл басында 2,4 млн теңге пара алған. Бұл – тек жоғары лауазымды тұлғалардың тізбегі. Айыппұл арқылы жазадан құтылған қала мен аудан деңгейіндегі шенділерді толтырып тізбектей беруге болады. Бірақ олардың ақша арқылы бостандыққа шыққанына көпшілік наразы болып жататын кездер де бар. «Мемлекет ақшасын шығындап, оларды түрмеде ұстағанша, айыппұл арқылы босатқан жөн» деп санайтындар да бар. Мысалы, заңгер Абзал Құспан кез келген қылмыскерді жазаға тартар алдында тиімді жағын қарастыру қажетін айтады. – Жемқор дегенде миллиондаған ақша жымқырған ерекше билік өкілін елестетеміз. Бірақ шағын мектеп директорларынан бастап ауыл әкімдігінің қызметкерлері, түк билігі жоқ мекеме мамандары да кейде қылмыстың субьектілері болып жататынын ұмыт қалдырамыз. Жазаны ауырлатқанмен, қылмыс азаймайды. Оған Қытай елі дәлел. Сол үшін ең бастысы, тиімділік жағын ойлауымыз тиіс. Жалпы, қылмыстың 4 сатысы болады. Ауыр емес, жеңіл, ауыр және аса ауыр. Сол тәрізді жемқорлықтың да онша ауыр емес формалары бар. Бұл тұста мұқият болу қажет. Жемқорлардың көпшілігін ақша төлетіп, айыппұлмен жауапқа тартқан тиімді. Түрмеге барғанда оған ақшасы жұмыс істейді. Бұл – шындық. Одан да ақшасын бюджетке аудартқан дұрыс. Ал жемқорлықтың аса ауыр түрлерін жасағандарды айыппұлмен шектелмей, түрмеге қамаған да жөн. Классикалық ұғымда «қоғамға қауіпті адамдар» деген дүние бар. Оған адам зорлағандар, терракті жасағандар енеді. Дегенмен жемқорлар адамға тікелей қауіп төндірмейді. Сол жағын ескерейік. Бәрінен бұрын жемқорлықпен күрес науқанға айналып кетпегені жөн, – дейді ол. Түйіндер болсақ, жемқорлық кез келген әлем елі үшін күрмеуі қиын мәселеге айналған. Біздің пайымдауымызша, жемқорлықтың тоқтауына жазаның ауырлауы емес, жалпы қоғамның одан бас тартуы ғана әсер ететін сынды.М.ТӨЛЕУ