Өмірде ананың аялы алақанынан ыстық дүние жоқ. Қандай қиын кезде болмасын ана – қамқорың, ана – жанашырың, ана – қалқаның. Бұл Алла Тағаланың ананың бойына дарытқан ерекше қасиеті. Міне, сондай жанның бірі Ботагөз Бакеева бүгінде бауырына тоғыз өзге ұлттың баласын басып, көпке үлгі болып отыр.
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы Ботагөз осы таңға дейін төрт құрсақ көтерген болса, одан бөлек тоғыз өзге ұлттың баласын патронаттық тәрбиеге алған. Көп адам бара бермейтін мұндай ерліктері үшін бүгінде Исаевтар әулеті көпшіліктің құрметіне ие. – Әр бала бақытты болуы үшін жаралған. Сондықтан олар толық отбасында тәрбиеленуі керек. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – мұндай тағдырды таңдамағандары анық. Сондықтан жетім балаларға отбасының жылулығын сездіру қажет. Әке мен ананың қарым-қатынасы арқылы олар мейірімге бөленеді. Балалар үйінде тәрбиеленушілер қамқорлық, бір-біріне көмек беру, мейірім мен кешірім сияқты дүниелерді үйрене алмауы мүмкін. Сондықтан балаларға отбасылық тәрбие беруді өзімнің аналық парызым санап, тоғыз баланы қанатымның астына алдым. Ал олар өзге ұлт өкілі болғаны тіпті арасындағы бірлік пен бауырмашылдықты бекіте түсті, – дейді Ботагөз Бакеева. Ботагөз Болатқызы аудандық білім бөлімінде әдіскер болса, жолдасы – әскери қызметте. Ұлы мен келінінің таңдауын ата-енелері де қолдап отыр. – «Балалы үй базар» дейді дана қазақ. Біздің босағамызға бақыт балалап кетіп отыр. Өйткені осыған дейін ұл-қыздарымнан 11 немере сүйіп отырсам, енді олардың қатарына тағы тоғызы қосылды. Үйдегі балаларға қалай қарасақ, осы бүлдіршіндерге дәл сондай көңіл бөлеміз. Бір қуантарлығы – балалар өзге ұлттың өкілдері болса да, қазақ тілінде еркін сөйлей алады. Тіпті, қазақ сыныптарында білім алып жүргендері бар. Оларға қолымыздан келгенше тәрбие беруге тырысамыз. Мұндай шешім қабылдар алдында біз ағайын-туыспен ақылдастық. Көптің қолдауымен ұлым мен келінім осындай қадамға барды. Балалардың тілі мен түріне қарамай, барлығына бірдей отбасы жылуын сездіретін боламыз. Себебі біздің елде бірлік пен татулық бабалар кезінен салтанат құрған, – дейді Сәбитбай ата мен Дина әжей. Бір өздері үлкен Ассамблеяға айналып отырған отбасының тірлігін көріп біз де сүйсіндік. Асырап алған тоғыз баланың дені орыс ұлтынан болса, ішінде украиндықтар да бар. Алайда Ботагөз өзі үшін барлық баланың түрі мен тілі, танымы мен ділі бірдей екенін айтады. Исаевтар әулетін дәл осындай бірлік пен татулықтан айырмасын деп тілейміз! Әрі Ботагөздей аналарымыз көп болғай!Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы