Алматы тұрғыны қызды 14 жасында жүкті етіп, құлдықта ұстаған
Алматы тұрғыны қызды 14 жасында жүкті етіп, құлдықта ұстаған
Алматыда 18 жастағы бойжеткен өзінің небәрі он бір жасында зорланғанын айтты. Ол өзін жеті жыл бойы құлдықта ұстап келген отбасының заң алдында жазалануын талап етеді, — деп хабарлайды Астана арнасы. Рада есімді ару өмірінің соңғы 6 жылын тозаққа теңейді. Айтуынша, ес біле сала құлдық қамытын киген. 11 жасында анасы мен әжесіне еріп, Өзбекстаннан қоныс аударыпты. Содан бері көрмеген қорлығым қалмады деп еске алды.
"Әжем сол үйдің тазалығына, ал мен 15-20 шақты алабай итке тамақ берумен айналыстым. Сөйтіп жүргенде сол үйдің ұлы — бізді үйіне ертіп барған баласы мені зорлады, ұрып-соқты. Мұрнымды сындырды. Күнде қорлық көрдім, 14 жасымда жүкті болып қалдым", — деді жәбірленуші.
Жігіттің әке-шешесі бұл жайтты полиция естімеуі үшін барын салған көрінеді. Бойжеткен әжесін туыстарының үйіне жіберіп, ал өзіне сес көрсеткенін айтты. Құжаты болмағандықтан, отбасы мүшелері үйде босандырып алды деп отыр. Екі жылдан кейін туған нәрестесі араға 3 ай салып шетінеп кеткен. Тек былтыр үйде ешкім жоғын пайдаланып, отбасынан қашып шыққан. Кейін қаладағы көлік жуу орталығына жұмысқа орналасады. Ондағылар оның аянышты тағдырын естіп, қоғамдық қорға жүгінуге кеңес берген.
"Отыз бір жастағы күдікті қазір қамауда. Қылмыстық іс ҚР-нің Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 300-бабы тәртібінде зерделеу және одан ары сотқа жолдану үшін прокуратураға жолданды", — дейді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Еске салсақ, БҰҰ әлемде 40 миллионнан астам адамның құлдықта өмір сүретінін хабарлады. Мигранттардың құлдықтың заманауи түрлерінен зиян шегетіні белгілі болды.