Жамбыл облысында жоғалған бойжеткеннің мәйіті табылды
Жамбыл облысында жоғалған бойжеткеннің мәйіті табылды
160
оқылды
Жамбыл облысында жоғалды деген бойжеткенді өлтіріп кеткен. Ақпаратты өңірдің Полиция департаменті растады. 23 жастағы бойжеткеннің өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Полиция қызды өлтірген күдіктіні қолға түсірді.
«2021 жылдың 14 ақпанында Төле би ауылының тұрғыны Шу аудандық полиция бөліміне қызының жоғалғаны туралы хабарлады. Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына бірден кірісті. Фактіге сәйкес, қылмыстық кодекстің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. 29 сәуір күні жоғалған қыздың зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті Шу өзенінен табылды. Мәйіттің іздеу салынған бойжеткенге тиесілі екенін туыстары растады», — деді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов.
Дәл қазір күдікті тергеу изоляторында отыр.
«Күдіктінің марқұмға пышақ сұққаны, кейін қылмысты жасыру үшін денесін Шу өзеніне лақтырғаны белгілі болды. Қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді полиция генерал-майоры.
Еске салсақ, қарағандылық кәсіпкерді іздеген сүңгуірлердің өзеннен әйелдің мәйітін алып шыққаны туралы хабарладық.