Ақтөбедегі әуежайдың атауы "Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы" болып өзгертілді. Үкіметтің тиісті құжаты 2021 жылдың 28 сәуірінде шыққан. № 276 қаулыға сәйкес "Ақтөбе халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамына Әлия Молдағұлова есімі берілді. Жаңа қаулы ресми жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді. Еске салсақ, жаңа қаулы 1993 жылы 8-желтоқсан күні шыққан Қазақстан Республикасы "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" Заңының 10-бабы, 4-бөлімі 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сүйеніп жарияланған. Бұған дейін Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілуі мүмкін екенін хабарладық. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы Қобда ауданында туған.