Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының екінші күнінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Дубайда өтетін EXPO-2020 көрмесіне дайындық барысымен танысты. Мемлекет басшысына халықаралық көрмеде бой көтеретін Қазақстан павильоны таныстырылды. Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтеді. EXPO-2020 көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Қазақстан павильоны БАӘ негізгі павильонына жақын жердегі «Мүмкіндіктер» аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөліктерге бөлінген. Онда өңіріміздің әлемде алатын орны, еліміздің туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Көрмеге келушілер еліміздің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады. Интерактивті шоу соңында павильон қонақтарына жасанды интеллектінің адамзат болашағына әсері туралы баяндалады. Сапар аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Абу Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, елдегі ірі бизнес өкілі, First Abu Dhabi Bank акционері шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктесінің бірі екенін, сапар барысында Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласқанын жеткізді. Ал шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян West Hydrocarbons Commercial Investment LLC компаниясы Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты. Алда жаңа жобаларға инвестиция құюға ниетті. Қазақстан Президенті БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен жүздесті. Жүздесушілер цифрлы экономика, электронды коммерция, заманауи инфрақұрылым, жасанды интеллект, қаржылық қызмет көрсету ісі, инвестиция, туризм индустриясы, құрылыс пен көлік салаларындағы ықпалдастық келешегін бағамдады.
Шейх Мұхаммед Әл Мактум әмірліктер экономиканың әртүрлі секторларын дамыту жөніндегі тәжірибесі мен білімін Қазақстанмен бөлісуге дайын екеніне сендірді. Мемлекет басшысы Дубай инвестициялық корпорациясының атқарушы директоры Мұхаммед аш-Шайбанимен кездесті. Әңгіме барысында қаржы саласындағы өзара ынтымақтастыққа және «Астана» қаржы орталығын одан әрі дамыту перспективасына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Дубай инвестициялық корпорациясының Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасына және АХҚО биржасы жұмысына белсенді қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан активтеріне инвестиция салуға және сатып алуға қызығушылық білдірген инвесторларға біздің мемлекеттік құрылымдар қолайлы жағдай жасауға дайын екенін нықтады. Президент Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын аралап көрді. DIFC басқарма төрағасы Ариф Амири Қ.Тоқаевқа арнайы экономикалық аймақ жұмысының қағидаттары, заңдық, коммерциялық және басқа да қажетті инфрақұрылыммен қамту арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдай жасау жөнінде баян етті. Мемлекет басшысы АХҚО мен DIFC арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубайдың табысты тәжірибесін «Астана» орталығы жұмысына пайдаланудың маңызын атап өтті. Айхан ШӘРІП– Еліміз туризмнің жаһандық тарихпен байланысты түрлерін ілгерілетуге дайын. Мысалға Алтын Орданы алуға болады. Осыған орай ішкі туризмді дамытудағы, оны саяхатшылар үшін тартымды бағыт етудегі әмірліктердің туристік бизнесті жүргізу тәжірибесі бізге өте маңызды, – деді Қ.Тоқаев.