Шығыс Қазақстанда кенеден зиян шеккендер көбейді
Шығыс Қазақстанда кенеден зиян шеккендер көбейді
150
оқылды

Аймақта 434 адамды жәндік шаққан. Әсіресе кене энцефалиті бойынша эндемиялық аудандарда қансорғыштардың белсенділігі артып тұр. Сондықтан мамандар кенеден келер кеселге қарсы салынатын иммуноглобулин екпесі жетпей қала ма деп алаңдайды. Қазір өңірлерде жәндік көп шоғырланған аумақтарды зарарсыздандыру шаралары басталып кетті, - деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Жанна Акчалованың дизенфектор болып қызмет етіп жүргеніне 8 жыл болды. Көкпекті ауданының кене қаптаған аумағын апталап аралап жүр. Негізгі мақсаты — белгіленген территорияны кеміргіштер мен кенелерден зарарсыздандыру. Өйткені тиіттей ғана кенеден келер қауіп орасан. Олар адамға кене энцефалитін жұқтырады. Бұл кесел сал ауруына шалдықтырып, тіпті, кейде ажал құштыруы мүмкін.
«Қанша ыстық болса да, салқын болса да, біз жұмысымызды істейміз. Енді мынадай гектарларға шыққан кезде кішкене ауырлау болады, енді костюммен жүру деген өте қиын», — деді Ұлттық сараптау орталығы аудандық бөлімінің дезинфекторы Жанна Акчалова.
Биыл аудандағы жұмыс бұрынғыдан да арта түскен. Өйткені жәндіктердің таралу аумағы біршама өсті. Көкпекті ауданында кене энцефалитіне қарсы залалсыздандырылатын жер аумағы жыл сайын артып келеді. Осыған дейін 60 гектар жерге дезинфекция жасалатын, енді оған мынау Үлкен Бөкен аумағындағы 10 гектар жер қосылып, 70 гектар болды. Өйткені өткен жылы дәл осы ауылда кене энцефалитін жұқтыру дерегі тіркелген болатын. Облыста кененің таралуы бойынша қауіпті 10 ауданның бірі — Көкпекті. Сондықтан мұнда екпе шаралары қолға алынды. Мамандар вакцина жетпей қала ма деп алаңдап отыр. Өйткені жоспарлы екпеден бөлек, кене шағып алған соң көмекке жүгінетіндер бар. Қазір сондай 7 адам вакцина алған.
«Біздің жақта қазір дала жұмыстары, егін, бақшамен айналысып жатқандар көп. Демек екпе шараларын бастаудың маңызы зор», — дейді Көкпекті ауданы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жетекші маманы Надия Рахимова.
Биыл Көкпектіге иммуноглобулиннің 50 дозасы берілді. Бізге бұдан көбірек, кем дегенде 200 доза керек. Әйтпесе жетпей қалуы ықтимал. Денсаулық сақтау басқармасы болса кене энцефалитіне қарсы екпемен қамтуда ешқандай мәселе жоқ деп сендірді. Егер жетпей қалып жатса, оның да шешімі табылады, - дейді.
«Ол ауданда 50 доза бар. Бірақ ол жеткіліксіз болып жатса, біз жағдай тұрақты аудандардағы вакцинаны жетпей жатқан аудандарға бере аламыз. Бұл енді эпидахуалға тікелей байланысты. Сондықтан алаңдайтын еш себеп жоқ деп санаймын», — ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков.
Иммуноглобулин облыстық санитарлық эпидемиологтар жасаған талдау жұмыстарына сәйкес бөлінеді. Яғни есеп қисаптың дұрыс бұрыстығы сол мамандарға байланысты. Айта кетсек, өткен жылы облыста бұл препарат күзге жетпей таусылып қалған еді. Осылайша шұғыл түрде қайта тапсырыс берілген болатын. Биыл сол жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Өйткені 2020 жылы аймақта 21 адам кене энцефалитін жұқтырған.