Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға келісті
Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтатуға келісті

Қырғызстан мен Тәжікстан атысты толығымен тоқтатуға және әскерлерді шығаруға келісті. Бұл туралы екі елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеттерінің басшылары мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.

1 мамырда қырғыз аумағында Баткен облысында келіссөздер өтті. Оған Қырғызстан МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстан МҰҚК басшысы Саймумин Ятимов қатысты. Кездесу барысында олар екі мемлекеттің шекарасында атысты толық тоқтату туралы келісімге қол жеткізді. Ятимов шекараларды делимитациялау жөніндегі комиссиялар бүгін екі мемлекетте қалған барлық дауды шешу үшін жиналғанын атап өтті.
"Бүгін екі ел мемлекет басшыларының бастамасымен өте жемісті әңгіме өтті. Шекаралас аудандарда болған қайғылы жағдай ешқашан қайталанбауы керек. Олар ұзақ және тарихи кезеңде өмір сүреді және олардың арасында ешқандай шағым жоқ. Біз, саясаткерлер, халқымыздың дәстүрлі бейбітшілік пен достықта өмір сүруі үшін мәселелерді шешуге тиіспіз. Қырғыз және тәжік жерлерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесінде мәселелерді шешуге қағидатты келісімге қол жеткізілді. Менің ойымша, біз мұны жасай аламыз. Біз барлық мәселені тез арада шешеміз және біздің халқымыз достық пен түсінікте өмір сүреді және толық тұрақтылық қамтамасыз етіледі", — деп келтіреді Ятимовтың сөзін АКИpress қырғыз басылымы.
Өз кезегінде Ташиев төрт тармақтан тұратын хаттама қабылданғанын атап өтті.
"Екі елдің мүддесі үшін төрт тармақтан тұратын хаттама қабылданды. Иә, бүгінде Қырғызстан мен Тәжікстан халқы өте қиын, дағдарыстық кезеңдерді бастан өткеруде. Екі елде де қайғылы оқиға орын алды. Мұндай уақытта кездесу бізге өте қиын болды, бірақ соған қарамастан біз мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша осы іс-шараны өткіздік. Нәтижесінде атысты толық тоқтату және шекара маңындағы әскери құрылымдарды тұрақты орналасу орындарына шығару туралы шешім қабылданды. Жақын арада біздің елдерімізде, әсіресе, шекара маңындағы аумақтарда тыныштық орнайды деп үміттенемін", — деді Ташиев.
Еске салайық, шекарадағы қақтығыс 28 сәуірде Баткен ауданының Көк-Таш ауылындағы "Головный" су тарату пунктінің ауданында басталған болатын. Жанжалдың соңы атысқа ұласты: тараптар тас атыса бастады. Сосын қару қолданылды. Қырғызстанда 154 зардап шегуші медициналық көмекке жүгінді, олардың ішінде 33 адам қайтыс болды. 29 сәуірде кешке Қырғызстан мен Тәжікстан қақтығыстан кейін бірінші рет атысты тоқтатып, әскери күштерді бұрынғы орналасқан жеріне апаруға келісті. 1 мамырда таңертең шекарадағы жағдай тұрақты деп сипатталды. Алайда, бірнеше сағаттан кейін бұл жердегі жағдай шиеленісе түскен.