Алматыда самокатпен келе жатқан қыз бен жігіт төрт жастағы баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері оларды іздестіріп жатыр. Видеода самокатпен келе жатқан қыз бен жігіт баланы қағып, кетіп қалғаны көрсетілген. Полиция қызметкерлері 2 мамырда белгісіз біреулер Назарбаев даңғылында самокат айдап келе жатып, Қабанбай батыр көшесінің қиылысында төрт жастағы баланы қағып кеткенін хабарлады.
"Бүгінде бұл деректі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Баланы қағып кеткен адамдар міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылады. Тиісті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.