Қазақстандағы ең жас әкім кім?

Қазақстандағы ең жас әкім кім?

Биыл 27 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстандағы әкімдердің орташа жасы 55-ті (54,8) құрады. Елдегі ең жас әкім – Шымкент қаласының басшысы Мұрат Әйтенов. Ол 30 қазанда 40 жасқа толады.

Ranking.kz Қазақстан облыстары мен мегаполистері әкімінің жасы мен әкім лауазымындағы мерзімі бойынша зерттеу жүргізді. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов елдегі өзге әкімдерден жасы үлкен. Ол 68-де. Қазақстанның 17 өңірінің біреуін ғана әйел басқарады. Ол - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Оның жасы 56-да. Гүлшара Әбдіқалықова облысты бір жылдан астам уақыттан бері басқарады. Мұрат Әйтенов 38 жасында әкім болды. Оның бұл лауазымды атқарып келе жатқанына 1,3 жыл өтті. Ол еңбек жолын 2004 жылы ҚР Қорғаныс Министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінің кезекші ауысымының аға инженер-бастығы қызметінен бастаған. Шымкенттің әкімі болғанға дейін 16 жыл түрлі қызметте істеген. Әкім қызметінде ұзақ отырған - Амандық Баталов. Ол 2014 жылдың тамызынан бері жеті жыл бойы осы лауазымды атқарып келеді. Оның алғашқы қызметі 1981 жылы "Алмаатаотделстрой" тресінің аға прорабы, бас инженері, СМУ-37 бастығы ретінде бастады. 33 жылдан кейін Алматы облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Ал Бердібек Сапарбаев 67 жасында Жамбыл облысының әкімі атанды. Өңірді басқарып келе жатқанына 1,2 жыл өтті. Ал жас әкімдер арасында өңірді ең ұзақ басқарған - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.