25-30 сәуір аралығында жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша өткен республикалық олимпиада қорытындылары жарияланды. Оқу орындарының арасында Білім-инновация лицейлері үздік деп танылды. БИЛ оқушылары сарапқа салынған 122 алтын медальдың 38-ін, 214 күміс жүлденің 71-ін, 349 қола медальдың 120-сын, жалпы жиынтығы 229 медаль жеңіп алған. Бұл туралы "Білім-инновация" қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаев өзінің facebook парақшасында мәлім етті. Нұрбол Төлебаевтың айтуынша, Білім-инновация лицейлерінің оқушылары 1994 жылдан бері республикалық олимпиадаларда 22 мыңнан астам медаль жеңіп алған. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сай, биыл мектептерді зияткерлік олимпиадаларға дайындауды жетілдіру, сондай-ақ олимпиадалық командалардың мықты және әлсіз жақтарын талдау мақсатында әрбір пән бойынша Республикалық олимпиада қорытындыларының сапалық және сандық рейтингтері жасалған. Бұл әрбір өңірге өз қатысушыларының олимпиадаға дайындығының қаншалықты тиімді өтіп жатқанын көруге мүмкіндік береді. Жаратылыстану-математикалық бағыты пәндері бойынша жүргізілген сапалы рейтингте ең үздік команда болып "Назарбаев зияткерлік мектебі" ДББҰ (90,61%) танылса, екінші орында Республикалық Білім ұйымдары (79,85%) және үшінші орында Алматы қаласы (77,89%) жайғасқан. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттар пәндері бойынша жүргізілген сапалы рейтингте бірінші орынды Атырау облысы (93,22%), екінші орынды БҚО (91,39%), үшінші орынды Алматы қаласы (90,93) иеленген. Министрлік мәліметінше, республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Халықаралық білім додаларында Қазақстан құрама командасының намысын қорғауға мүмкіндік алады. 2020-2021 оқу жылына арналған республикалық олимпиада қорытындылары бойынша Қазақстанның 115 үздік олимпиадалық мектебінің тізімі жасалды.