Биыл "Болашақ" халықаралық бағдарламасына бөлінген стипендия саны - 1055. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова 2021 жылғы "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру туралы баяндамасында айтты.
Оның айтуынша, былтыр "Болашақ" бағдарламасына іріктеудің жаңа ережесі қабылданды. Енді конкурстық іріктеу 3 кезеңнен өтеді, үміткерлердің барлық квота санаты алынып тасталды, тіл дайындықтарының мерзімі қысқарды (тек ауылдық мекеннен келген үміткер ҚР аумағында 6 ай оқуға мүмкіндік алады). Аталған өзгерістен кейін 2021 жылы бюджеттен 1,3 млрд теңге үнемделетін болды. "Барлық үміткерге қойылатын басты талап - басым мамандықтар тізіміне енген мамандық бойынша "Болашақ" бағдарламасының шеңберінде оқуға ұсынылған ЖОО-ға өз бетімен шартсыз негізде оқуға түсу. Бұл - ең маңызды өзгерістердің бірі", - деді Айнұр Қарбозова. Биыл құжат қабылдау 4 мамырда басталды, ол 28 қазанға дейін жалғасады. Конкурстық іріктеу 1 маусым - 30 қараша аралығында, үш лекпен өтеді. [caption id="attachment_134357" align="aligncenter" > Фото: Айнұр Қарбозованың баяндамасының скриншоты[/caption] 2021 жылға бөлінген стипендия саны - 1055. Оның 555-і академиялық магистратура, докторантура және медицина үшін резидентура және тағылымдаманың төрт санатына бөлінсе, 500 стипендия тағылымдаманың жаңа "Ғалымдар" санатына бөлінген. Үш конкурстық лек маусым, тамыз және қараша айларында 555 стипендия үш конкурстық лек арасында үлестіріледі. "Ғалымдар" санатына үміткерге қойылатын талаптар:- әлемнің жетекші ғылыми орталығынан (тізімге енген) шартсыз шақыру;
- Қазтест сертификаты (В1 деңгейінен кем болмауы керек);
- тағылымдама мерзімі 9 айдан кем болмауға, 12 айдан аспауға тиіс;
- кепіл болатын 2 жеке тұлғадан келісімшарт (кепілге жылжымайтын мүлік талап етілмейді).