Арнайы борт бара ма?
Арнайы борт бара ма?
170
оқылды
Қытайдағы қазақстандық студенттерді эвакуа­ция­лау қажет. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ухань қаласында қалып қойған қазақстандықтарды елге жеткізу үшін арнайы борт жіберілуі мүмкін. «ҚХР СІМ-де шетелдік дип­ломаттар үшін арнайы брифинг өтті. Брифинг барысында Қытай тарапы елдегі жағдай туралы ай­тып өтті. Әрине, олар барлығы ба­қылауда екенін айтты және қа­жетті шаралар қолданылып жат­қаны да белгілі. Қозғалысты азай­ту үшін азаматтардың мүм­кін­ді­гінше тұрғылықты мекен­жайында қалуын өтінді. Сондай-ақ олар шетелдік мемлекеттердің өз аза­маттарын эвакуациялау ту­ралы сұраныстарын қарасты­ратынын айтып жатыр. Осы орай­да, біздің тараптан ҚХР-ға арнайы нота жіберілді. Қазіргі уақытта Ухань­дағы студентте­рі­мізді эвакуа­ция­лау мәселесін ой­ластырып жа­тыр­мыз. Ол жақта біздің 98 студентіміз бар. Студент­термен жиі хабар­ласып, жағдай­ларын біліп отыр­мыз. Олар қай­та­мыз деген жағ­дайда арнайы борт жіберу мәсе­лесін ойлас­ты­рамыз» деген еді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев. Вице-министрдің айтуынша, әзірге рұқсат алу туралы Қытай­мен келіссөздер жүріп жатыр. Шекараны жабу да өзекті мә­селенің бірі. Қытайда жүрген қа­зақстандықтар әлі толығымен елге қайтқан жоқ. Уханьның өзін­де 98 студент бар екені айтылып жатыр. Шекара жабылған жағ­дай­да ол жақта жүрген қазақ­стан­дықтардың жайы не болмақ? «Шекараны жабу үшін Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ұсынысы қажет. Қазіргі кезде біздің ҚХР-дағы елшілігіміз бен бас консулдығымыз осы ел­дің азаматтарына денсаулық ту­ралы анықтама жағынан виза беру талаптарын күшейтті. Бұдан бөлек, Қытай азаматтары үшін әуе­жайда электронды виза рә­сімдеу жұмысы тоқтатылды. Егер шекара жабылса, өз азаматта­ры­мызды алып шығу мәселесі қиындайды», – дейді вице-ми­нистр Шахрат Нұрышев. Оның айтуынша, Қытайда Қазақстанның 1 300 азаматы бар. 635 адам турист ретінде Хайнань провинциясында жүр. Одан бө­лек, елшілік, бас консулдық қыз­мет­керлері және отбасы мүшелері бар. Орталық коммуникациялар қыз­метінде арнайы брифинг өт­кізген бас санитар Жандарбек Бек­шин Қазақстан Ухань қала­сында білім алып жатқан 61 қа­зақстандық студентті елге қайтару үшін Қытай тарапынан келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. «Қазақстан Үкіметі Қытай үкі­метіне Уханьнан 61 студен­ті­мізді елге алып келуге ниетті еке­­нін білдірді. Қытайға арнайы бортпен баратын дәрігерлер қор­ғаныс костюммен және маскамен жабдықталатын болады. Олар келгеннен кейін зарарсыздан­ды­рудан өтеді және студенттер 14 күн­ге карантиндік стационарға орналастырылады. Қазір Қытай та­рапынан біздің ұшақтың ұшуы­на келісім күтіп отырмыз», – деді Жандарбек Бекшин. Еліміздің бас дәрігері Қытайда жүрген сту­денттеріміз бен азаматтары­мыз­ды елге қайтару қажет екенін айтады.   Г. ТҰРҒАНБАЙ