Қытайдағы қазақстандық студенттерді эвакуациялау қажет. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ухань қаласында қалып қойған қазақстандықтарды елге жеткізу үшін арнайы борт жіберілуі мүмкін. «ҚХР СІМ-де шетелдік дипломаттар үшін арнайы брифинг өтті. Брифинг барысында Қытай тарапы елдегі жағдай туралы айтып өтті. Әрине, олар барлығы бақылауда екенін айтты және қажетті шаралар қолданылып жатқаны да белгілі. Қозғалысты азайту үшін азаматтардың мүмкіндігінше тұрғылықты мекенжайында қалуын өтінді. Сондай-ақ олар шетелдік мемлекеттердің өз азаматтарын эвакуациялау туралы сұраныстарын қарастыратынын айтып жатыр. Осы орайда, біздің тараптан ҚХР-ға арнайы нота жіберілді. Қазіргі уақытта Уханьдағы студенттерімізді эвакуациялау мәселесін ойластырып жатырмыз. Ол жақта біздің 98 студентіміз бар. Студенттермен жиі хабарласып, жағдайларын біліп отырмыз. Олар қайтамыз деген жағдайда арнайы борт жіберу мәселесін ойластырамыз» деген еді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев. Вице-министрдің айтуынша, әзірге рұқсат алу туралы Қытаймен келіссөздер жүріп жатыр. Шекараны жабу да өзекті мәселенің бірі. Қытайда жүрген қазақстандықтар әлі толығымен елге қайтқан жоқ. Уханьның өзінде 98 студент бар екені айтылып жатыр. Шекара жабылған жағдайда ол жақта жүрген қазақстандықтардың жайы не болмақ? «Шекараны жабу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы қажет. Қазіргі кезде біздің ҚХР-дағы елшілігіміз бен бас консулдығымыз осы елдің азаматтарына денсаулық туралы анықтама жағынан виза беру талаптарын күшейтті. Бұдан бөлек, Қытай азаматтары үшін әуежайда электронды виза рәсімдеу жұмысы тоқтатылды. Егер шекара жабылса, өз азаматтарымызды алып шығу мәселесі қиындайды», – дейді вице-министр Шахрат Нұрышев. Оның айтуынша, Қытайда Қазақстанның 1 300 азаматы бар. 635 адам турист ретінде Хайнань провинциясында жүр. Одан бөлек, елшілік, бас консулдық қызметкерлері және отбасы мүшелері бар. Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген бас санитар Жандарбек Бекшин Қазақстан Ухань қаласында білім алып жатқан 61 қазақстандық студентті елге қайтару үшін Қытай тарапынан келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. «Қазақстан Үкіметі Қытай үкіметіне Уханьнан 61 студентімізді елге алып келуге ниетті екенін білдірді. Қытайға арнайы бортпен баратын дәрігерлер қорғаныс костюммен және маскамен жабдықталатын болады. Олар келгеннен кейін зарарсыздандырудан өтеді және студенттер 14 күнге карантиндік стационарға орналастырылады. Қазір Қытай тарапынан біздің ұшақтың ұшуына келісім күтіп отырмыз», – деді Жандарбек Бекшин. Еліміздің бас дәрігері Қытайда жүрген студенттеріміз бен азаматтарымызды елге қайтару қажет екенін айтады. Г. ТҰРҒАНБАЙ