Ең өзекті мәселе – шаруалар­ды қаржыландыру – Қайнар Абасов
Ең өзекті мәселе – шаруалар­ды қаржыландыру – Қайнар Абасов

Қазір Қазақстанда көктемгі егін егу науқаны ауа райына байланысты бір өңірде ерте басталса, бірінде кештеу қолға алынып жатыр. Ал бұл «ала-құлалықтың» өзі Үкімет тарапы­нан берілетін көмек пен диқандардың дән себетін және астық оратын ке­зіндегі шығынын арттыруға себеп. Әрине, ондай мәселелер экспортқа да әсер етпей қоймайды. Сондықтан қазір Үкіметтің үнемі мен шаруа­лардың шырылына депутат­тар ден қойып отыр. Соны ескеріп, біз Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракциясының де­путаты Қайнар Абасовты әңгімеге тартып көрдік.

– Қайнар Бегалыұлы, егін егу науқаны басталды. Ал оған қаржы-қаражат, жанар-жа­ғармай бөлу жағы қалай шешілген? «Қыс­қа жіп күрмеуге келмей қалып» жатқан жоқ па? – Биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан қомақты қолдау қарастырылып отыр. Кредиттер, микрокредиттер «Ауыл шаруашылағын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы, сон­дай-ақ микроқаржы ұйымдары мен кре­диттік серіктестіктерді қорландыру жо­лымен «Аграрлық кредиттік корпора­циясы» АҚ арқылы беріледі. Облыстардың жергілікті бюджетінен 2021 жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,8 миллиард теңге, ал тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 26,1 миллиард теңге көзделген. Соның барлығы агроөнеркәсіптік ша­руаларға қомақты көмек болып саналады. Бірақ бұл бөлініп жатқан қаражат жеткі­ліксіз, өйткені шаруалардың сұранысы жоғары. «Атамекен» ҰКП мәліметіне сәй­кес, елдегі көктемгі егіс науқанын орын­дауға 700 миллиард теңге қаражат қажет. Әрине, бұл қаржыны мемлекет тара­пынан қамтамасыз ету мүмкін емес. Ке­пілдіктің жоқтығына байланысты, екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашы­лығын қаржыландыруға қызығушылығы жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін Үкімет тарапынан Ұлттық агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жобасы қарастырылып отыр. Осы жобаның аясында жоғарыда айтылған мәселелер өз шешімін табады деп сенемін. – Сонда осы сала бойынша Үкімет пен диқандар тарапынан көбіне қай мәселе көбірек ескерілуі керек? – Өздеріңізге белгілі, бүгінде көктемгі егіс жұмыстары оңтүстік өңірлерде қызу жүріп жатса, қалған өңірлерде енді басталды. Осы орайда бір айта кетерлік мәселе – мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау мерзімінде. Қазір несиеге қаржыландыру және субсидиялау наурыз-сәуір айларында басталады. Бұл шаруалар үшін кеш болады. Өйткені көктемнің бір күнінің күздік өнімге әсері көп. Егер қаржыландыру күз айларында басталса, диқан өзінің көктемгі егіс жұмыстарына дайындығын алдын ала жүргізер еді. Яғни, сапалы ұрықты, тыңайтқыштарды, жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді алдын ала дайындап, шаруа көктемнің алғашқы күнінен-ақ егістік жұмыстарын толыққан­ды жүргізуге мүмкіндік алады. Қазір наурыз-сәуір айында қаражатын алған шаруаның егістік жұмыстарын жүргізуге дайындығы жоқ. Тыңайтқышты, жанар-жағармайды қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Сапалы ұрық сатып алуға мүмкіндігі жетпейді. Соның салдарынан агротехникалық шаруалар толығымен орындалмай, өнімнің түсімі төмендеп, шаруаның табысы азаяды. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелер Үкімет тарапынан шешімін тапса, бұл диқандарға деген қомақты қолғабыс болар еді. – Жалпы, біздің осындай проблема­лардан кейінгі астық экспортының жай-күйі қалай? Межелі міндеттер мінсіз орындалып жатыр дей аламыз ба? – Осы орайда 2020-2021 жылдары бүкіл әлемге коронавирустың таралуы отандық өнімнің экспортына кері әсер еткен негізгі фактор болғаны белгілі. Салдарынан бірқатар дәстүрлі сатып алушылар өз өндірісінің және тиісінше сатып алудың көлемін қысқартты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, экспорттың көлемі 2019 жылға қарағанда 300 миллиард теңгеге қысқарып отыр. Алайда Қазақстан­ның агроөнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы даму келешегі зор дей аламыз. Бүгінде біздің ауыл шаруашылығы өнім­деріне Ресей, Шығыс Еуропа, Иран, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекет­тері қызығушылық танытып отыр. Сол үшін бірнеше жүйелі мәселелерді, әсіресе логистика мәселесін шешіп алу қажет. Ал оларды шешуге тасымалдау тарифтерінің жоғары болуы – басты кедергі. Сосын экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын халықаралық талапқа сәйкестендірген дұрыс. Жоғарыда айтылған Ұлттық агроөнер­кәсіптік кешенді дамытудың жобасында «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы бойын­ша осы мәселеге баса назар аударылып отыр. – Енді өздеріңіз Мәжілісте мән берген қолда бар деректерді сөйлетсеңіз, егін шаруашылығы бойынша жыл сайын біз неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз? – Егін шаруашылығында түбегейлі шешімін күткен бірнеше өзекті мәселе бар. Атап айтқанда, Мәжіліс қабыр­ғасында бұл мәселелер алғашқы оты­рыстан бастап көтеріліп келеді. Олар – суармалы жер­лерді ағынды сумен қам­тамасыз ету, ирри­гация жүйелерін жаңғырту және қалпына келтіру, жаңа су үнемдеу технологиясын еңгізу, тұқым және селекция мәселелерін дамыту, диқандарды жоғары сапалы ұрық­пен қамтамасыз ету, ауыл шаруашы­лығы техникаларын несиелеу және инвести­циялық субсидиялар арқылы шаруаларға қолжетімділікті арттыру. Бұл ретте ең өзекті мәселе – шаруалар­ды қаржыландыру. Яғни, оларды ұзақ­мер­зімді төмен пайызды кредитпен қамта­масыз ету керек. Егер осы аталған мәселелер толыққан­ды шешілетін болса, біз сөзсіз ауыл шаруа­шылығының өндірісі бойынша көшбасшы елдердің қатарында боламыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН