Солтүстік өңірлердің жай-күйімен танысады
Солтүстік өңірлердің жай-күйімен танысады

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық фи­лиа­лы мен жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сы және жергілікті әкімдік­тер арқылы жұмыс күші тап­шы өңірлерді жұмыс кү­ші­мен қамтамасыз етуді көз­­дейтін «Еңбек» бағдар­ла­масының ұйымдастыру, насихат жұ­мыстары жан­данды.

Аталған бағдарламаның үшін­ші бағыты шеңберінде Түр­кістан облысы Сайрам ауданынан солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірген 45 отбасы (Сары­ағаш, Сайрам, Бәйдібек аудан­дары) мүшелері Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыс­та­ры­ның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықты. Олар екі облыстағы жағдайды жан-жақты сараптайды. Егер ұсыныс ұнаса, ол тұрғындар солтүстікке көшуі мүмкін. Қоныс аударуға ниет білдіріп, жолға шыққан тұрғындарға «Nur Otan» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев солтүстік өңірлерге оңтүстік халқының қоныс ауда­руы­ның стратегиялық маңызды­лығын, мемлекет тарапынан көр­се­тілетін қолдауларды атап өтіп, тұрғындарға сәт-сапар тіледі. Өз кезегінде түркістандық­тар­дың Солтүстік Қазақстан өңірі­не қоныс аударуға бірнеше жылдан бері қолдау білдіріп жүрген, солтүстік өңірлер тір­ші­лігімен танысып қайту саяхатын (тегін) ұйымдастырушы «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңа­бай Ағабеков сапардың бағы­ты туралы мағлұмат берді. Қоныс аударған жерлестерімізге жаса­латын қолдауларды (бас­пана, жұмыс орны, жер) көзбен көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенділік танытуға шақырды. Солтүстік облыстарға көші-қон бағдарламасы басталған 5 жылдың ішінде 20 мыңдай адам көшіп барған. Оның 6 000-ы – Түркістан облысының тұрғыны. Яғни, 1 700 отбасы қоныс аударған. Сәуір айының басында Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 трлн теңге инвестиция салынбақ. Ауыл шаруашылығы бойын­ша 52 сүт фермасы, 2 тауық фаб­рикасы бой көтереді. «Қызыл­жар» транспорт хабы іске қосы­лады. Басқа аймақтармен бай­ланысты арттырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасын айына 16-дан 68 рейске дейін арттыру жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар об­лыстық жаңа аурухана, аудан­дарда 47 медициналық нысан, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің негізінде жаңа университет іске қосылады. Осы жоспар бойынша 26 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Солтүстік өңірлерге қоныс ау­дарушыларға мемлекет тара­пынан жасалатын қолдаулар ту­ралы ақпаратты аудандық жұ­мыс­пен қамту орталығынан алуға болады.

Әбілмансұр ЖАСАН