Еліміздің эконономикалық басым бағыттарының бірі – ауылдық аумақтарды дамыту. Бүгінде ауылдың тұрмысы өсіп-өркендеген. Еңбек ресурстары да жеткілікті аумақ ретінде қалыптасып отыр. Сондықтан да олардың дұрыс өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу өте маңызды. Осы ретте өткен күндерге көз жүгіртсек, елімізде ауылдарды дамыту тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады екен.
Үш кезең – бағалау, сұрыптау, қолдау
Тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдары ауыл халқы қалаға ағылды. Әсіресе, жастар жағы ауылдан көп кетті. Мұндай урбанизациялық процестер соңғы жылдары біраз саябырсыды. Бүгінде ел халқының жартысына жуығы, яғни 42%-ы ауылда тұрады. Мәселен, қазір республикамызда 6,6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар болса, онда 8 млн-ға жуық адам өмір сүруде. Бұл өз кезегінде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын анықтау критерийлеріне сәйкес, бүгінде елімізде даму әлеуеті жоғары 1 314 елді мекен бар. 4 795 ауыл орташа және 460 ауыл төмен әлеуетке ие. Ел Үкіметі ауылдарды сақтап қалу және дамытуды үнемі басты назарда ұстап келеді. Соған сәйкес, бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты үш кезеңге бөлуге болады. Ауылдық аумақтарды дамытудың бірінші кезеңінде, яғни 1991-2003 жылдар аралығында «1991-1995 жылдарға және алдағы перспективада 2000 жылға дейін арналған мемлекеттік «АУЫЛ» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы» қабылданды. Оның аясында ең алғаш рет елімізде 1997 жылғы типологияға сәйкес депрессивті деп танылған ауылдық аймақтарға кең ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді. ПРООН-ның техникалық көмек көрсетуімен еліміздің барлық ауыл-аймақтарын классификациялау әдістемесі мен критерийлері сынақтан өткізілді. Ауылдар нақты «мықты», «орташа», «әлсіз» үш санатқа бөлінді. Әлсіз депрессивті аймақтардан көшу үрдісінің нақты ауқымы анықталды. Нәтижесінде, болашағы жоқ, халық саны аз 300-ге жуық ауылдық елді мекен (АЕМ) таратылды. Екінші кезең 2004-2014 жылдар аралығында өтті. Бұл уақытта барлық ауылдық елді мекендерге классификация жүргізіліп, критерийлік топтар бойынша олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын төлқұжаттар берілді. «АӨК пен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң мен 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылдануымен ауыл тұрғындарының өндірістік және қоғамдық әлеуеті дамып, өмір сапасы жақсара түсті. Біздің елімізге ауыл шаруашылығының орталығына айналған, әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан ірі және орташа типтегі елді мекендер тән. Соған сәйкес, мемлекеттік қолдау да, бәрінен бұрын, тұрғындарының табысын арттыруға қабілетті, даму әлеуеті жоғары АЕМ-дердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.«Еңбек» бағдарламасының да маңызы жоғары
Ауылды дамытудың келесі үшінші кезеңі аймақтарды 2020 жылға дейін дамытуды көздейтін Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асты. Ауылдық аумақтарды дамыту бұл аралықта тіректік ауылдық елді мекендерді (ТАЕМ) анықтау негізінде қарастырылды. Қоныстану жүйесінің тірек қаңқасы болып асқан ұйымшылдықпен урбанизациялық өмір сүру ортасын қалыптастырып жатқан қалалық ірі агломерациялар мен оларға сәйкесетін ауылдық аймақтар табылады. Мұндай елді мекендерді дамыту аумақтарды дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында, ТАЕМ-дардың әрқайсысына жеке-жеке кешенді даму жоспарын жасап шығару арқылы жүзеге асырылды. Кешенді жоспарда қолданыстағы өндірісті кеңейту және модернизациялау, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды, тұрғын үй құрылысын дамыту, мемлекеттік, қаржылық, сервистік және өзгеде де қызметтерді дамыту қарастырылған.Ауыл көркейсе, ел өркендейді
Елімізде сәулеті мен дәулеті жарасқан ауылдар аз емес. Солар туралы сөз еткенде ең бірінші кезекте Ақмола облысында орналасқан Родина ауылы еске түсетіні рас. Елордадан 70 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекенді күнделікті үстелінде тұрған сүт-қаймағы арқылы елдің бәрі біледі деуге болады. Садовое және Зеленый Гай елді мекендерін біріктіретін бұл ауылдық округте қазір шамамен 1 700-ге жуық адам тұрады. Мұнда күнделікті өмірге не керектің барлығы бар. Мектеп, балабақша, амбулаторлық стационар, мәдениет үйі, ауылдық клуб, кітапхана, полиция бөлімшесі, сапаржай, азық-түлік және шаруашылық дүкендері, жел генераторы және тағы басқа нысандарды көруге болады. Тұрғындардың барлығы ауылда жұмыс істейді. Қазір ауыл маңында 50 мың гектардан астам егістік жер бар. Мал азығы сырттан алынбайды. Мұның барлығы осы ауылда дайындалады. Соның арқасында шаруашылық өз-өзін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде Родинадан шығарылатын сүт өнімдері тікелей ауылда дайындалып, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. Осылайша, еліміздің әр тарабына тарайды. Дүкен сөрелерінен сүт, айран, қатық, йогурт және тағы басқа өнімді таба аласыз. Күнделікті бұл жерде 55 тоннадан астам сүт өндіріледі. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында орналасқан Новоникольск ауылы да елімізде үздіктер қатарында аталады. Өйткені мұнда да өзінің республикамызға танымал сүт өнімдерін шығаратын агрофирмасы бар. Мәселен, 1997 жылы құрылған бұл қожалық содан бері қалыптасу-даму кезеңдерінен өтіп, бүгінде асылтұқымды мал шаруашылығы дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Тек сүн өнімдерін ғана емес, астық және көкөніс өнімдерін де өндіреді. Осының өзінде ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуда. Ауылда мал фермасы мен құрама жем зауытынан бөлек, мектеп, клуб, балабақша, амбулатория, спорт кешені, наубайхана, жиһаз, макарон, кулинария цехы, жел генераторы, шағын футбол алаңы, хоккей корты, шіркеу, саябақ және тағы басқа халық игілігіне арналған нысандар көп. Мұның барлығы қалақұраушы шаруашылықтың көмегімен тұрғызылған. Облыс орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан ауылда бүгінде 1 500-ге жуық адам тұрады.Нұрлан ҚОСАЙ