Ағаштары оталған Абылай хан ауылы
Ағаштары оталған Абылай хан ауылы
345
оқылды

Баурайы биші қайың мен қара­ғай­ға толы Бурабай ауданына қа­расты Абылай хан ауылының жұр­ты атқа қонған. Өйткені кезінде ит тұмсығы батпайтын сыңсыған ор­манынан ауыл түгелге жуық айы­рылып қалыпты.

«Бұқпа» орман шаруашылығына тие­сілі қайың мен теректерді орманшы­лар отап тастаған. «Қазір ауылдың маңында екі-ақ шоқ қалды. Түгелдей кесіп, шоқ-шоқ ағаштардың бірін қал­дыр­май жермен-жексен етті» деген ел­дің етегі жасқа толған.  Жас пен кәрісі жиы­лып, аудан әкімдігіне де, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне де, «Бұқпа» орман шаруашылы­ғының орманшыларына да барған. Бірақ еш нәтижесі болмапты. Түбірлері ғана том­пайып қалған орман алқаптары одан са­йын азая бастаған. Мұнымен қоса ауылдың маңында мал жаятын жайы­лым да тарыла бастаған. Негізінен мал­мен күнін көріп отырған ауыл тұрғын­дары редакцияға хабарласып, мұңын шаққан еді. Істің мән-жайын анықтап, тиісті сала басшыларын тыңдап көрдік. Ел-жұрт түгелдей Абылай хан атап, бірақ қағаз жүзінде Қызылағаш делінетін ауылда бүгінде  230 түтін тұрады. Негізінен малмен жанын баққан ауылдың мыңнан астам жылқысы, отар-отар қойы мен табын-табын сиыры бар. Бірақ жел мен суықта ық, жылқыларына пана болған ормандары оталған ауыл малын қайтіп бағарын білмей дал. «Ауылдың маңындағы ағаштарды кесіп бітірді. Түгелдей отап сатып жатыр. Анау Жұмақай, Келтеқыстау, Шетқарағай, Дәуітбай, Бура деген жерлеріміздің бәрі түгелдей ағаш еді. Қазір олардың бірі де жоқ. Сұлатып-сұлатып кесіп тек түбірлері ғана қалды. Өмір бойы ауылда өскен соң жанымыз ауырады. Қазір, тіпті қыстың қытымыр борандарында жылқы ықтайтын ағаш та қалмады. Ауылдың жанында екі-ақ шоқ қалды. Енді оларды кестірмейміз деп ел бекініп отыр. «Бұқпа» орман шаруа­шылығына барсақ, бұл ағаштардың жасы 60-70 жылдан асқанын айтып, оларды кесуге құжаттарының барлығын айтады. Бірақ біздің ағаштар түп-түзу, құрт та түс­пе­ген аппақ қайыңдар. Оны неге түгелдей кесіп жатқанын еш түсіне алмадық», – дейді Хасен Сейпей есімді ауыл тұрғыны. Қайыңды ормандарынан көз жазып қалған тұрғындардың жайын «Бұқпа» орман шаруашылығы мен Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемінен білмек болдық. «Бейнероликте оталып жатқан орман­дарға өткен жылдың 23 желтоқсанында орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің №27-5-6/244 бұйрығы негізінде билет берілген. Ағашты кесу жасы бар. Оған сәйкес ағаштардың жасы  белгіленген мерзімнен асса жасыл желек топырақты және суды қорғау қызметін атқара алмайды. Қазіргі уақытта кесіліп жатқан ағаштардың жасы – 61-70 жыл. Ағаш кесу отын дайындау үшін және көп жағдайда, ағаштар оталған жерлерде орманның жаңаруы үшін жасалып жатыр. Орман шаруашылықтарында ағаштарды кесу орман кодексіне және «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды кесу ережесі» негізінде жүргізілуде», – дейді «Бұқпа» орман шаруашылығы директорының орынбасары Болат Сұлтанов. Орман шаруашылығы директорының сөзін Ақмола облысы Полиция депар­таментіне қарасты табиғатты қорғау по­лициясының ерекше тапсырмалар жөнін­дегі аға инспекторы Владимир Алексеев те құптап отыр. «Біздің қызметкерлеріміз ауыл маңын­дағы оталған жерлерді барып аралап қайт­ты. Сондай-ақ «Бұқпа» орман шаруа­шылығының ағашты кесу құжаттарын да тексеріп қайттық. Олардың құжаттарына сәйкес барлығы заң аясында ағаштардың жас ерекшелігіне байланысты кесіліп жатқаны көрсетілген. Ормандардың оталуынан ешқандай криминалдық оқиға анықталмады», – дейді Владимир Алексеев. ағаш Ауыл жұртын мұнымен қоса жайылым жерлерінің тарыла бастағаны алаңдатады. Маңындағы шабындықтары мен жайы­лымдарындағы шөбі малдың тұяғымен тақырланып қалған ауылға биылғы қыс та қиынға соққан. Қалың қардан тебіндей алмаған жылқылардың көбі құлын тастап, біразы көтерем болып қолға қарапты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған ауылдың 25 мың гектардан астам жайылым алқабының «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына еніп кетуі себеп болған. «Ауылда Ақтас дейтін жұрттың бәрі қысқы азығын дайындайтын шөбі шүйгін жер бар. Осыдан екі жыл бұрын әлгі жерге арабтар қазық қағып жатқанын естіген ауыл халқы өре түрегелді. Барып қазығын жұлып алып, өздерін қуып шықтық. Дегенмен ауылдағы малмен күнелткен ағайын жайылым жерден таршылық көріп келеді. Ауылдың маңындағы айналдырған екі-үш гектар жерді мал шиырлай басып тақырлап бітірген. Ал бұған дейін Бурабай көліне дейін малымыз еркін жайылатын. Осыдан он жылдан 25 мың гектардай жайылым жерлеріміз «Бурабай» МҰТП құрамына еніп кетіпті. Біз ежелден мал жаятын Қарашілік деген жеріміз де сол жаққа өтіп кетіпті. Қазір енді елдің іргесіне дейін ағаш көшеттерін отырғызып жатыр. Далада еркін жүрген мал қойсын ба? Түсіп кетсе, айыппұл салынады. Былтыр жер сұрап, Бурабай паркіне барғанбыз. Онда отырғандар «бес айға жалға алсаңыздар, 1 миллион теңге төлеулерің керек» дегенді де айтты. Онсыз да шықпа жаным, шық­пашылап отырған ауылдың оған қайтып шамасы жетеді?», – дейді ауыл тұрғыны Елубай Азенов. Жақында ауылдың екі-үш тұрғыны ауылды алаңдатқан мәселелерді көтеріп Бурабай ауданының әкімдігіне барған. Тұрғындардың айтуынша, аудан әкімі Әсет Мұздыбаев жайылым жерлер бойынша барлық мәселелерді шешуге атсалысатынын айтып, шығарып салған. Тұрғындардың көзінше «Бурабай» МҰТП директорымен сөйлескен әкім 11 мамырда барып сөйлесіп бір шешімге келетінін айтыпты. Біз мәселені Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Бекахмет Махметовтен сұрап көрдік. «Осыдан 20 жылдай бұрын Үкіметтің қау­лысы шығып, жерлер «Бурабай» ұлт­тық табиғи паркіне берілген. Тұрғындар жайылым жерлерін қайтаруға ықпал етуімізді сұрады. 11 мамырда тұрғындармен бірге «Бурабай» МҰТП кездесіп мәселені ше­шуге ниеттіміз. Ұлттық парк директоры халықтың жағдайына қарап, мал жайы­латын жерді береді деп отырмыз. Негізінен бұл ауылдың көпшілігі малмен айна­лысады. Жүз және одан да көп мал ұстай­тын отбасылар бар. Бірақ шаруа қожа­лығын немесе жеке кәсіпкерлік ашпайды. Сондықтан да жайылым жерлер жетіс­пейді. Ауылда егін егетін «Есіл» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі бар. Олармен де жер мәселесімен меморандум жасалмақ. Мәселені шешуге барынша тырысып жатырмыз. Жақында шешімін табатын болады», – дейді Бекахмет Махметов. Мәселеге қанығу үшін «Бурабай» ұлттық табиғи паркі басшысымен тілдес­кенді жөн көрдік. Бірақ парк директоры бұл жағдайдан еш хабарсыз екенін жеткізді. «Аталған жағдай туралы сізден алғаш рет естіп отырмын. Маған ауылдың ешбір тұрғыны жайылым жер мәселесі жөнінде келген жоқ. Ал қай жерді айтып отырға­ныңызды да білмедім. Тұрғындар маған өздері келсін. Бұл мәселе бойынша екі-үш күн бұрын аудан әкімі де хабарласқан. Бірақ ұлттық парк жері 2000 жылдан бері бекітілген шекарасынан жер көлемі еш өзгерген жоқ. Сондай-ақ жалға алу үшін 1 миллион теңге дегенді естімедім. Дұрысы, ауыл тұрғындары келіп, мәселе­лерін ауызба-ауыз келіп сөйлескендері жөн», – дейді «Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Сергей Быков.

P.S.  

Сонымен, кезінде үш жүздің басын қосқан Абылай хан ту тіккен ауылда жайылым жер мәселесі шешімін табар емес. Аудан әкімдігі мен тұрғындар келер апта басында «Бурабай» МҰТП басшылығымен өтетін кездесуден үмітті. Ал ауыл маңындағы ағаштардың оталуында тиісті органдар «бәрі дұрыс» деп отыр. Ал тұрғындар оталған түбірлердің орнына ағаштар қайта шығатынына күмәнмен қарайды. Сіз қалай ойлайсыз? Тұтасымен кесілген орманның орнына қайта орман түзіле ме? Аталған жағдайға тұрғындар бас прокуратураның,  тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іске араласуын сұрап отыр.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы