Қосшы деген қандай қала?
Қосшы деген қандай қала?

Қазақстанда жаңа қала пайда бол­­мақ. Оның аты – Қосшы. Елор­даның іргесінде орын тепкен, тұрғын­дарының саны 50 мың­нан асқан осы кент талай жыл астана­ның бір бөлше­гіне айналудан дәмеленді. Алайда 2018 жылы «Астана қаласының 2023 жылға дейінгі жинақы құрылысы жөні­н­дегі кешенді жоспары» қабыл­данып, бас қаланың әзірге кең қанат жаймайтыны анықталғанда, бұл арман ары ұзай түс­кен. Енді кент жеке қала мәртебесін алса, бұл Қосшының Нұр-Сұлтан қала­сына әзір қосыл­майтынын білдіретіндей.

Бюджеті дәмханадан аз

Ақмола облысының әкімдігі Президент Жарлығының жобасын жариялады: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 9-бабына сәйкес қаулы етемін: біріншіден, Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын. Екіншіден, Қазақстан Үкіметі осы Жарлықтың 1-тар­мағын іске асыру жөнінде қажетті шара­ларды қабылдасын», – делінген Мемлекет бас­шы­сы Қ.Тоқаевтың қол қоюына ұсы­нылатын құжатта. Жалпы, Қосшыны жеке қала ету туралы ұсы­ныс бұрыннан айтылып келеді. Ол осыған лайық: онда қалаларға тән көп­қабатты, заңғар ғимарат­тар мен тұрғын үй­лер бар. Тұрғындары да жыл өткен сайын көбейіп барады. Соған қарамастан, құжат жүзінде «Ақ­мола облысының Целиноград ауданының Қосшы ауылы» деп белгіленген. Тиісінше, бюджеті де тым шағын. Атап айтқанда, Қосшы ауылдық округі бюджетінің кіріс бөлігі 2021 жылы небәрі 53,1 миллион теңге болды. Салыстыру үшін айтсақ, осынша соманы шағын кәсіпорындар, елордалық жақсы бір дәмхана бір жылда емес, бір-ақ айда табады (бас қалада жылына жарты миллиард теңгеден артық кіріс көретін шағын кәсіпкерлер жеткілікті). Бұл ретте Қосшы бюджетін 31 миллион 962 мың теңгеге салық толтырады. Салық­тық емес түсімдер 1,5 млн теңге ғана. Қал­ғанын – 19 мил­лион 641 мың теңгені ол трансферт (субвенция) түрінде аудандық бюджеттен алады. Астана іргесіндегі осы ауыл көрпесіне қарай көсілуге мәжбүр. Оның биылғы шығысы 53 миллион 103 мың теңге болды. Яғни, бюджет тап­шылығы – 0 теңге! Мақ­тануға тұрарлық көр­сеткіш сияқты. Бірақ шынында олай емес: тұр­ғындар елді мекеннің даму бюджеті тым шектеулі екеніне шағымданады. «Бізде жергілікті әкімдіктің қолы қысқа. Ал Целиноград ауданы болса, «Қосшы бәрібір бізден бөлінеді» деп аз ақша бөлгізіп отырған сияқты. Министрлік бұған назар аударып, қосымша ақша бөлмесе, тұрғындар ауыл болып митингіге шығып, Қарқаралы трассасын жабады», – дейді Қосшы тұрғын Нұрлан А. Облыс әкімдігі «Қосшыға қала мәрте­бесін беруге жергілікті қоғамдастық биылғы 16 сәуір­дегі жиналысында келісім берді» деді.

Жолдар Ақордаға бастай ма?

Қосшы ауылы – Ақмола облысының Целино­град ауданының аумағында орналасқан ауыл. Жалпы көлемі – 2 413 гектар. Оған 36 шақырым қашықта жатқан аудан орталығы Ақмолдан гөрі, 25 шақырымда жатқан Нұр-Сұлтан жақын. Шаруа­шылық кітабы бойынша Қосшыдағы халық саны – 50 600 адам. Әлеуетті жаңа қаланың проблемасы бастан асып жатыр. Соның бастыларына тоқтала кетсек. Халықты мазалап отырған ең басты мәселелердің бірі – жолдар. Әкім­діктің дерегінше, Қосшыда көше-жол желі­сінің ұзындығы – 185 шақырым. Соның ішінде тек 34,4 шақырымы асфальтталған. Яғни, бестен бір бөлігі ғана. Сондықтан үлесі басым ойқы-шойқы жолдар арасында асфальтты жол көрінбей қалады. Жалпы жолдың 50 шақы­рымы­на қиыршықтас-шағылтас төселумен шек­телген. 98,6 шақырымы шаңы бұрқыраған кә­дімгі қара жолдар. Күні кеше Қосшы тұрғындары ел Пре­зидентіне және әкімдерге үндеу жолдады. Бұған осы жылы кенттің жолдарын жөн­деуге небәрі 340 миллион теңге ғана бөлінуі себеп. Облыста жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге 12 миллиард теңге бағытталған көрінеді: Қараөткел ауылдық округіне – 1 миллиард, Рахымжан Қошқарбаев ауылдық округіне – 922 миллион, Талапкер ауылдық  округіне – 938 миллион, Софиевка ауылдық округіне – 800 миллион теңге. «24 сәуір күні Республикалық бюджеттік комиссия Целиноград ауданының бюджетін бекіткенін білдік. Біздің Қосшыға 340 миллион теңге ғана тиіпті. Ал біз 1 миллиард теңгеге бюд­жеттік өтінім берген бола­тын­быз. Шенеуніктер жолдарымыздың қандай жағдайда екенін келіп көрсін. Бұл жолдар­мен жүру мүмкін емес. Сондықтан ел Пре­зидентіне жүгінуге мәжбүрміз. Тұйықтан шығар басқа жолды байқамай тұрмыз. Елорданың жанында отырған біздің жағдайымыз осы. ХХІ ғасырда резеңке етікпен лай кешіп жүруге, елордаға бару үшін аяғымызға үнемі целлофан пакеттер киіп алуға тура келеді. Біздің осы жағ­дайымыз үшін билік ұялмай ма?» – дейді жергілікті тұрғын Самал Жарова. Жергілікті жұрт көктем мен күзде жол­дардың ми-батпағы шығып, онымен тіпті жүк көліктері жүре алмай қалатынын жет­кіз­ді. 2019 жылы төселген жұқа асфальттің өзі жарылып, Аралдың табанын көзге елестетеді. Қосшылықтар Үкіметтің биылғы нақты­ланған бюджет жобасымен Мәжіліске кіріп жат­қанын естіпті. Соның аясында Президенттен қала мәртебесін иеленгелі тұрған Қосшыға қосымша қаржы бөлуді сұрайды. Сондай-ақ олар Нұр-Сұлтанға қаты­найтын облыстық, аудандық әкімдерден өз көлігімен Қосшы арқылы өтуді өтінді. Бұл өтініштің астарында қулық жатыр: егер шаһар ортасында әкімнің көлігі батпаққа батып қалғаны бейне­ленген видеоролик әлеуметтік желіні кезіп кетсе, бұл Үкіметтегі, Қаржы министрлігіндегі, РБК-дағы лауазымды шенеуніктерге зор әсер етіп, мәселеге назарын аударуы мүмкін.

Қымбат қуат елді қым-қуыт етті

Қосшының тағы бір ірі проблемасы электр қуатымен байланысты. Осы орайда былтырғы қарашада кенттегі «Алтын орда», Diamond-Park, «Шоколад» және өзге де тұрғын үй алаптарының тұрғындары бас қалаға апаратын үлкен жолға шығып, қозғалысты тоқтатып тастады: «Төмен тариф бер!» деп талап қойды. Тоққа қатысты дәл осындай наразылық акцияларын қосшылықтар жиі өткізеді. Олар электр қуатының тарифі жыл сайын көтерілетініне арызданады. Салдары­нан шағын пәтердегі отбасының өзі тек электр қуаты үшін ай сайын 5–10 мың тең­геден төлеуге мәжбүр. Сол қымбат тоқтың өзі тұрақты берілмейді, қыстың көзі қырауда жиі сөндіріп тасталған. Қосшыдағы көпқабатты үйлер әлі күнге құрылыс компаниясының балансында тұрған­дықтан, баспана иелеріне жеке емес, заңды тұл­ға­ларға бекітілген тарифтермен ақы есептелетін болған. «Қаншама жылдан бері тұрғындар электр желі­лерін тұрғын үй кешендерінің меншігінен алып, АРЭК-тің («Акмолинская распре­делитель­ная электросетевая ком­пания») қабылдап алуын сұрап келеді, билік былқ етпейді», – дейді тұр­ғындар. Бұл мәселе бірте-бірте шешілмек. Әкімдікке пәтер иелері мен «АРЭК» ЖШС арасында жеке тұл­ғаға қатысты келісімшарт жасасу жұмысын жолға қою жүктелді. Осы мәселеге түсініктеме берген Энер­гетика министрі Нұрлан Ноғаевтың дере­гінше, Нұр-Сұлтан маңындағы елді мекен­дерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында кезінде респуб­ликалық және облыстық бюджет есебінен Қосшы кентінде электрмен жабдықтау желілері салыныпты. «Нәтижесінде, электр жеткізу желілері, таратушы пункттер және трансформаторлық подстансалар іске қосылды. Осы мемле­кеттік мүлікті бүтін сақтау және халықты электрмен жабдықтау мақсатында 2015 жылы Целиноград ауданының әкімдігі «КИПЭСТ» ЖШС қызмет көрсетуші ұйымын құрды. Ондағы мемлекеттің үлесі – 49%. Ол электр қуатын «АРЭК» АҚ тара­тушы компаниясына дейін жеткізеді. Мұн­дағы тұтынылған электр үшін ақы «АРЭК-Энергосбыт» АҚ тарифі бойынша есеп­теледі. Электрмен жабдықтау нысандарын ұстап тұру үшін «КИПЭСТ» ЖШС халықтан төлем жинайды», – деді министр. Яғни, кентті электрмен жабдықтауды «АРЭК» ЖШС, «КИПЭСТ» ЖШС-нің желілері қамтамасыз етеді. Барлық КТП (кешенді трансформаторлық подстанса) саны – 326. Соның ішінде «АРЭК» ЖШС-іне – 62, «КИПЭСТ» ЖШС-іне – 90-ы тиесілі. Қалған 174-і – жекеменшік. Олар да өз тарифі мен үстемесін қосады. КТП-лар қуаты әртүрлі – 250, 400, 630 кВ. Елді мекенде инженерлік-коммуни­кациялық инфрақұрылымға қатысты да мәселелер қордалануда. Әкімдіктің дере­гінше, Қосшыда қуаты 75 Гкал/сек болатын 1 қазандық қана бар. Жылу желілерінің ұзындығы –27,7 шақырым. Жылыту жүйесіне 9 982 үй қосылған. Су құбыры желілерінің ұзындығы – 330 шақырым. Су тарту қуаты тәулігіне 2 860 текше метр. Орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне 10 400 үй мен пәтер қосылыпты. Кәріз желілерінің ұзындығы – 250 шақырым, абоненттер саны – 10 400. Қосшыда 3 орта мектеп бар, оның 1-еуі жекеменшік. Оқушылар саны – 6 622. 22 балабақшада 4 045 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мәдениет мекемесі дегенде, ауылдық клуб қана бар. Жалпы ауданы 600 шаршы метрді алып жатқан клубта 100 орынға арналған көрермендер залы орналасқан. Онда көркемөнерпаздардың 14 үйірмесі мен ұжымы жұмыс істейді. Үйірме­лелер мен ұжымдарға 512 тұрғын тартылған. Қосшы қала болса, онда денсаулық сақтау нысандарын салуға тура келеді. Себебі әзірге тек «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығы ғана қызмет көрсетеді. Бұл емханаға 22 376 адам тіркелген. Астанаға қосылудан үміт үзген жергілікті жұртшылық Қосшының қала болғанын қалады. Осының арқасында, біріншіден, оның тартылыс күші артып, тұрғындарының саны күрт өсуі мүмкін. Бұл ондағы дүкендер, дәріханалар секілді бөлшек сауда кәсіп­орындарының, дәмханалар, мейрамхана-тойханалар секілді қоғамдық тамақтандыру  кәсіпорындарының табысын ұлғайтады. Екіншіден, ауылға қала мәртебесін беру сондағы жылжымайтын мүліктің құны мен өтімділігін арттырмақ. Үшіншіден, қалада банктер бөлімше ашып, кәсіпкерлер мен халықтың бизнесіне, баспана алуына кредит ресурстары қолжетімді бола түспек. Әйтпесе, елордалық банктер қосшы­лық­тарға несие беруге асықпайды, кепіл­заттарын мойындай бермейді. Қалай болғанда да, жаңа мәртебе Қосшының қаптаған мәселесін шешуге септеседі деген сенім бар.

 Айхан ШӘРІП