Жұмыссыздықпен күрес – сұлу сандарды сөйлету емес
Жұмыссыздықпен күрес – сұлу сандарды сөйлету емес

Бүгінде шенділердің биік мінберлерде айтқан сұлу сандарын естіп, сүйсініп қаласың. Алайда боямасыз көрсеткішке көз жеткізгенде көңілің құла­зиды. Әсіресе, мемлекеттік бағ­дар­ламаларға келгенде жүрісінен жаңылып, тура жолда тайғанақтаған тірлікті кө­ріп, басыңды шайқайсың.

Жыл басынан бері 25 жұмыс орны ашылған

Жыл басынан бері Жамбыл облысында жұмыссыздықпен күрес бағытында 10 мемлекеттік бағдарлама жанданған болса, оның тек екеуі жүйесін тауып, небәрі  25 жұмыс орны ашылған. Ал қалған 8 бағдарлама бойынша бірде-бір жұмыс орны құрылмаған. Мұны облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапар­баев­тың өзі ашып айтып, қызме­тінде қалқыған мамандардың жұ­мысын сынға алды. –Төрт  айдан бері өңірде «Ин­дус­­триалды-инновациялық дамы­тудың 2020-2025 жылдарға арнал­ған», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» секілді барлығы 8 мем­лекеттік бағдарлама бо­йынша  бірде-бір жұмыс орны ашылмады. Бұл жерде бағдарламалардың  жүзе­ге асырылуының түп-төркіні ха­лық­ты  жұ­мыспен қамту екені ескерусіз қалып отыр. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген негізгі тапсырма­ларының бірі – халықты жұмыспен қамту және жұмыссыз­дардың санын көбейтпеу. Ол үшін елімізде  іске асырылып жатқан мем­лекеттік бағдарламалардың бар­лығын тиімді пайдалана оты­рып, бөлінген қаржы­ны толығымен игеруге міндеттіміз. Үкі­меттің кеңейтілген отырысында нақ осы мәселе жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Ал сол тапсырманың уақы­тылы орын­далмағаны қалай? – деп  Бердібек Маш­бекұлы жауаптыларға нақты сауалын жол­дады. Облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Кенже­бек Олжабайдың айтуын­ша, биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыс­пен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған» мем­лекеттік бағдарламасына 40 008 адам қа­тысады деп жоспар­ланып­ты. – Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу жұмыстарын 31 мамандықпен 4 колледж және 16 оқыту орталықтарында жүргізу көзделуде. Екінші бағыт аясында осы жылы 602 адам шағын несие алады деп жоспарланып отыр. Осы мақсатта қазына қаржысынан 2,9 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 148 адам 552,8 миллион теңгеге шағын несие алып, өз ісін бастады. Сондай-ақ жоспардан бөлек қайта инвестицияланған қаржы есебінен 109 адамға 472,9 миллион теңгенің несиесі берілді. Осы бағыт аясында кәсіпкерлікті дамытуға 3 780 адамға 2205,3 миллион теңге мемлекеттік грант беру қарастырылып отыр. Осы уақытқа дейін 1 552 адам 905,4 миллион теңгенің грантын алды. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосымша 2 820 адамға грант беруге 1645,2 миллион теңгеге сұраныс бергенімізбен  олар  бұл өтінішімізді қанағаттандырмады, – деп  Кенжебек Мамашбайұлы тағы бір түйткілдің түйінін шығарды. Бұл тұста облыс әкімі  бұған дейін Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігімен арада қайтарымсыз қаржы үшін бөлінетін қаражаттың көлемін ұлғай­ту, қосымша қаржы бөлдіру жөнінде келі­сім жасалғанын айта келе, алайда осыны құнттамаған сала басшыларының жұмы­сына қын­жылысын білдірді. Соны­мен қатар Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сы басшысының міндетін ат­қару­шы Кенжебек Олжабайдың баян­дамасына көңілі толмай­тынын, мониторинг жүргізгенде өткен жылғы көрсеткіш пен рес­пуб­ликалық меже қаперге алын­ба­ғанын, деректер  болжамды  түрде ғана  жасалғанын қатаң ескертті.

42 мектепте директор жоқ

Осылайша,  облыс әкімі нақты мәселені көтеріп,  талқыға  сал­ғаны­мен жауапты мамандар ста­тис­тиканы сөйлетеміз деп тірлікті тағы тығырыққа әкеліп тіреді. Негізі, мұндай жағдайлар облыс әкім­дігін­дегі жиындарда жиі болады. Мәселен, Тараз қаласына қарас­ты Шөлдала иінінде оқушы­ларға оқ атылған  оқиға  да   облыс әкімдігіндегі кеңесте  қаралып, аймақ басшысы мәселеге майшам­мен үңілді. Облыс әкімінің қысы­мына шыдамаған кейбір басшылар «сырымды айтамын деп шынын айтып»,  қызықты жайттардың  бетін  ашты. Облыс әкімдігі Білім басқарма­сының басшысы Гүлнар Ходжа­бергенованың сөзіне сүйенсек, Шөлдалада жараланған оқушылар білім алып жатқан №55 мектепте осы күнге дейін  директор болмап­ты. Бұл орта білім беру мекемесіне директор болуға ешкім конкурстан өте алмай отырған көрінеді. Ал ең сорақысы,  облыстағы 42 мектеп әлі күнге директорсыз жұмыс істеп жатыр. Осылайша, жиында білім саласына жауапты басшы  Шөлдала иініндегі оқиғаға қатысты кімді жазаларын білмей отыр­ғанын тұспалдап жеткізгендей көрінді. Бүгінде Жамбыл облысында 442 мектеп  болса, соның 42-сінде әлі күнге мектеп директоры жоқ деген не сұмдық? Балаларға нақты жауапты басшы болмағандықтан ондағы оқушылар да ойына келгенін істеп жатпағанына кім кепіл? Осындай жағдайда мектеп тәртібі мен балалар тәрбиесі туралы қалай сөз қозғауға болады? Шөлдала иінінде жасөспірімдер ара­сын­дағы бұзақылық бұған дейін де бол­ғанын, салдарынан  8-сынып оқушысы көз жұмғанын жұрт жақсы біледі. Осы жағдай  Білім бас­қар­масына  сабақ болмай, ең бол­­маса мектеп директорын та­ғайын­дау жа­ғын шеше алмағаны таңғалдырады.

P.S.

Иә, бір тұста мемлекеттік бағдарламалар орындалмай, жаңа жұмыс орындарын құру қиынға со­ғып жатса, екінші жақта бос тұрған орынға тағайындайтын маман та­былмай жатыр. Бұл Жамбыл облы­сында кадр саясаты мен жұмыспен қамту жұмыстарының жүйесіздігін көрсетеді. Әйтпесе, төрт айда небәрі 25 ғана жұмыс орнын ашып, 42 мектепке директор таба алмау деген сөз санаға сыймайды. Осы айда оқу жылы аяқталатынын ескерсек, мек­теп директор­ларының мәселесі бү­гін-ертең шешілмейтін секілді. Ал 10 мемлекеттік бағдарлама бойынша жыл соңына дейін  қанша жұмыс орны құрыларын уақыт көрсете жатар. Бір ғана айтпағымыз, жұмыс­сыздықпен күрес тек сұлу сандарды сөйлету емес екенін басшылар тү­сінсе игі.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы