Осыған дейін Алматыда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік сататын сауда орындары жайлы ақпарат тараған. Бұл тақырып қозғалғаннан кейін жұрттың назарын бұрған мұндай базарлардың бірі ғана емес, бірнешеуі анықталған екен. Тіпті, талай жылдан бергі тұрақты тұтынушылары да көп. Ескірген азық-түлікті 30-80 пайыз жеңілдікпен сататын дүкендерде күнделікті тіршілікке қажет тауарлардың бәрі бар. Ал мерзімі өткен өнімдерді тұтыну адам ағзасына қауіп емес пе? Бұған шаһар тұрғындарының қызығушылығы неге артып отыр?
Адам уланып жүрмей ме?
Әлдеқашан мерзімі өткен азық-түлікті тұтынушылар көп-ақ. Әсіресе, зейнеткерлердің қарасы көп. Шаһардағы азық-түлік сататын базарларда мұндай сауда нүктелерінің бірнешеуі бар екен. Бағасы арзан дегеннен кейін бе, әлеуметтік желілерде нақты мекенжайын сұрастырғандар жетерлік. 1 000 теңгеге кімнің болса да тұтас азық-түлік себетін сатып алғысы келетіндей. Мерзімі өткен демесеңіз, сүт пен импортталған консервілер, шұжықтар да себет ішінде. Адамдар бұл тағамдардың мерзімі өткенін біле тұра, арзан бағасы үшін сатып алады екен. Яғни, барлығы жария түрде, саудагер ескірген өнімдерді сатып тұрғанын жасырмайды. Мұндай өнімдерге сұраныстың болуы оның сапасына көпшіліктің назар аудара бермейтінін аңғартса керек. Мәселе – қауіпсіздікке қатысты. Ескі тағамды тұтынған адамның улануына таңғалмасымыз анық. Сол себепті әуелі осы салаға қатысты маман пікірін білгенді жөн көрдік. Мәселен, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Қожахметова болса, мерзімі өткен тағамдардан адамдардың улану ықтималдығын арттыратынын айтады. – Егер жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауардың сақталу жағдайы мен шарттары дұрыс болса, тағам ашылған соң бөгде өзгерістер көрінбесе, термиялық жеткілікті өңделсе, ашылған соң 1-2 күн ішінде желінсе, ағзаға зиян келтірмеуі мүмкін. Жарамдылық мерзімі бітіп жатқан тауарларды акциямен, жеңілдетілген бағада сатып жатады. Мұқтаж адамдар мұндай өнімдерді алған соң термиялық өңдеуден өткізіп, органолептикалық қасиеттеріне (иісі, дәміндегі, көзбен көргендегі түсіндегі өзгерістер) мән беруі керек. Консервілердің қақпағы томпиып тұрмаса мұндай тағамдардың зияны болмайды. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткеннен немесе түрлі микроорганизм өмір сүргендіктен қақпағы томпиып тұруы мүмкін. Демек, мұндай консервілерді жеу міндетті түрде тамақтан улануға алып келеді, – дейді ол. Сонымен, жарамдылық мерзімі өткен тағамдар саудада, сұраныс тудырар тұтынушы да бар. Бірақ заңды қайда қоямыз. Ол тұрғыдан қарасақ, мұндай азық-түліктің сатылуына жол берілмесе керек еді.Заң тыйым салмай ма?
Қазақстанда өндірілетін кез келген азық-түліктің шығарылған тауарлық маркасына сәйкес, «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңның 12-бабы 4-тармағына сай, айқын бүліну белгісі болса, қауіпсіздігі туралы толық мәлімет сыртында көрсетілмесе, қауіпсіздікті растайтын құжаттары жоқ өнімдер айналымға және кәдеге жаратуға жіберілмейді. Осы заңның 17-бабында «Тамақ өнімдерін орау, буып-түю және таңбалау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға» сәйкес, өндіруші туралы мәлімет: нақты/заңды мекенжайы, байланыс телефоны, энергетикалық, биологиялық құндылығы, қолдану жолдары сияқты толық ақпарат берілуі керек. Яғни, тұтынушы тауарды сатып алғанда қауіпсіздігіне сенімді болуы тиіс. Сонымен, мұндай тағамдар кәдеге жаратудан бұрын, айналымға да жіберілмеуі тиіс екен. Бірақ оның ашықтан-ашық сатылымда тұрғанына не дерсіз? Осы тұста құзырлы органдар тағам сапасына тексеріс жүргізіп отырмайтын сыңай танытады. Еліміз бойынша азық-түлік сапасын қадағалауға Тұтынушылар құқын қорғау комитеті жауапты. Әйткенмен, комитетке қарасты мекемелер белгілі бір тұтынушыдан арыз келіп түскенде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізеді екен. Біз үшін аталған әрекет қауіпсіздік жайын қараусыз қалдырып, сауданы еркіне жіберу секілді. Бір сөзбен айтқанда, себебімен емес, салдарымен күресудің амалы. Мерзімі өткен азық-түліктен біреу уланбайынша, «арзан өнім» сататын сауда нүктелерін жабуға болмас па екен?