Бүгін аудан орталығында мешіт имамының қатысуымен сотталушыларға арналған ауызашар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Рамазан айының аяқталуына бір аптаға жуық уақыт қалғанда түзету мекемесі аудандық мешіт имамы А.Чопабековтың қатысуымен ауызашар абақтыда да өткізілді. Имам сотталушыларға Рамазан айы жайлы толығырақ түсіндіріп өтті.«Барлық сотталушылар түгелдей ораза ұстауға ниеттенген. Олар Рамазан айы басталмастан бұрын колония әкімшілігіне жүгінген еді. Әрине, заңмен бекітілген күн тәртібін сақтай отырып, ешкімге қарсылық білдірмей ораза ұстауға рұқсат берілді», – дейді түзету мекемесі бастығының орынбасары Жеңіс Ыбыраев.
Өз кезегінде сотталушылар да мұсылмандар ораза ұстайтын Рамазан айында ауызашар ұйымдастырғаны үшін колония басшылығы мен мешіт имамына алғыс айтты.«Бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жүргендер Жаратушыға жиі жүгінетіні түсінікті жайт. Олар өткен тағдырында жасаған қателігінен сабақ алып, өз өмірін жаңа парақтан бастағысы келеді. Өмірге көзқарасы мен ойлары өзгеріске түсіп, осындай қадамдарға барады», – дейді Жеңіс Ыбыраев.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы