«Адамдардың басын қатырмайық» – Нығматулин Цойға санауды үйретті
«Адамдардың басын қатырмайық» – Нығматулин Цойға санауды үйретті

Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналау туралы айтты.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға 2,3 миллион вакцина дозасы жеткізілді. Қазіргі таңда 1,4 миллион адамға 1-компонент салынды. «Ал 2-компонент 21 күннен соң, максимум 45 күннен кейін егіледі. Десе де бірінші компонентті салдырғандарда 15-күннен кейін антидене пайда болады», – деді Алексей Цой. Депутаттар министрден вакцина алған деп кімді айтуға болатынын нақтылап сұрады.

Министр: «Егер бұл екі дозалы вакцина болса, вакциналаудың толық курсын аяқтау үшін міндетті түрде екі вакцина салдыру қажет», – деді.

Бүгінде вакцинаның 2 компонентін тек 400 мың адам алған. Бұл жауапқа көңілі толмаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Цойға нақты жауап керек екенін ескертті. «Журналистерге, халыққа қолда бар цифрларды жасырмай, ашық айтыңыз. Ал мынау эквилибристика бәрінің тепе-теңдігін бұзды. Қазір ғана екінші доза 21 күннен кейін егіледі дедіңіз. Ал орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Сіз максимум 45 күн деп отырсыз. Барлығын шатастырып жібердіңіз. Адамдардың басын қатырмайық. Егер екі вакцина болса, демек, екеуін де салдыру қажет. Алексей Владимирович, он бес күннен кейін антидене пайда болады деп ақталып жатқанға ұқсайсыз. Екі вакцина алған адам ғана вакциналанған деп саналады. Міне, соларды есептеу керек», – деді Нығматулин.