"Мәйітті ұстауға болмайды": Вице-министр коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу рәсіміне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты
"Мәйітті ұстауға болмайды": Вице-министр коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу рәсіміне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты
136
оқылды
Коронавирустан қайтыс болған адамды жуындыру рәсіміне туған-туыстарынан екі адам ғана қатыса алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.
«Қазіргі уақытта жерлеу рәсімі республиканың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес реттеліп, жүргізіледі. Коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамның мәйіті арнайы орында, яғни паталогоанатомиялық мәйітханада, бөлімшелерде жуындыру керек. Осы жуындыру рәсіміне туған-туыстарынан екі адам қатыса алады. Туыстары кіргізілмес бұрын қорғаныш киімдермен, құралдармен қамтамасыз етіледі. Мәйіт жуындырылғаннан кейін жерлеу үшін туған-туыстарына беріледі», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, жаназа рәсіміне марқұмның тек туған-туыстары қатысып, арақашықтықты сақтауы, маска тағуы қажет.
«Бүгінгі таңда жуындырылып берілген мәйітті діни қызметшілерге немесе туған-туыстарына ұстауға болмайды. Барлық мәйіттер жалпы зираттарға жерленіп жатыр. Бүгінгі жерлеу әдісі осындай», - деді Ажар Ғиният.