Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін ұзарту туралы елордада онлайн режимде өткен сот отырысында прокурор оның тергеушілер мен соттан қашып кетуі мүмкін екенін айтты. Прокурор Төлеген Жарасбаев қылмыстық тергеу органының Біртановқа үйқамақ мерзімін 1 айға - 14 маусымға дейін ұзарту туралы өтінішін құптауды сұрады. Бұған Біртановтың үйқамақ шартын бұзуы себеп болған. Белгілі болғандай, ол Қазақстандағы Швеция елшісіне және Ericsson Nikola Tesla компаниясына осы іс бойынша хат жазған. Тергеудің алдын ала мәліметінше, Біртанов Ericsson Nikola Tesla компаниясымен келісімшарт бойынша бюджеттің бірнеше миллион теңгесін жымқырған. Жарасбаевтың айтуынша, Біртанов пен оның жақын туыстарында шетелде жылжымайтын мүлкі бар. Сондай-ақ оның туыстарында шетелде тұруға рұқсаты бар.