Азия чемпионын өлтіргендерге сот үкімі шықты
Азия чемпионын өлтіргендерге сот үкімі шықты
114
оқылды
Грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовты аңшы мылтығымен атып өлтірген Мағзұм Бекет 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Атырауда Азия чемпионын атып өлтіргендерге сот үкімі шықты. Бас күдікті 15 жыл арқаласа, қылмысты жасырған сыбайласы да темір торға қамалды. Алайда үкіммен екі тарап та келіскен жоқ, – деп хабарлайды КТК. Оққа ұшқан спортшының ата-анасы қаскөйдің экс-полицей екені айтылмады десе, ауыр жаза арқалаған сол азаматтың туыстары әділ шешім шықпады деп сот залында шу шығарған. "Қылмыс дәлелденбеді. Сот әділ өткен жоқ!", - дейді олар. Бүгін сегіз айға созылған қылмыстық іске соңғы нүкте қойылды. Грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовты аңшы мылтығымен атып өлтірген Мағзұм Бекет 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қанды қылмысты жасырмақ болып қаруды суға лақтырып жіберген сыбайласы Бейімбет Дүйсенғалиев 3 жылға сотталды. "Сотталған Мағзұм мен Дүйсенғалиевтің әрқайсынан 357 856 теңгеден мемлекеттің пайдасына өндірілсін. Мағзұм жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтесін", - деді Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Тыныштық Нұрымова. Ал қайғыдан қан жұтқан спортшының ата-анасы сот үкімімен келіспейтінін айтты. "Жеңіл жазамен құтылды" деген ата-ана сотталушы тергеушілермен ауыз жаласқан деген күдікте. Өйткені қылмыс жасаған қос азамат та бұрынғы полиция қызметкерлері дейді. Марқұм Есенбек Сиғуатовтың әкесі сот залында баласының өліміне қатысты ең маңызды нәрселер айтылмай қалғанына сенімді.