Ресейлік саясаткерлер Қазақстан жерінің тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдеме жасап, өздеріне назар аудартуға тырысады. Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтын тұлғалар мұндай сөзді ешқашан айтпады, айтпайды да, - деп мәлімдеді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
"Хабар 24" телеарнасының хабарлауынша, бұл туралы Сергей Лавров саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жанжалды мәлімдемелеріне түсінік берген кезінде айтқан. "Саясаткерлер мансабын түрлі жолмен құрады. Кей саясаткерлер әдейі сенсация іздейді. Кейбірі қарама-қайшы тақырыптарды қозғау арқылы көпшіліктің назарын аудартқысы келеді. Бұған қатысты бізде қалай айтатынын білесіз бе, "жақсы ма, жаман ба маңызды емес, бастысы - газеттер сіз туралы жазса болды", мүмкін соған байланысты шығар. Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын айқындайтын тұлғалар біздің одақтастығымызға байланысты қандай да бір күмәнді мәлімдемелер жасаған емес, жасамайды да. Екі ел арасындағы келісім бойынша бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді толық құрметтейміз. Біз мемлекет басшылары келіскен және қол қойған, парламенттер мақұлдаған және заң саналатын, халықаралық құқықтың бөлігі болатын құжаттар негізінде одақтастық қатынастарды дамытамыз", - Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Ресей СІМ басшысының айтуынша, саясаткерлердің, кей парламентшілердің мұндай күмәнді, кейде арандатушылық мәлімдемелер жасауы - демократиялық өмірдің бөлігі. "Ең бастысы, халықтар арасындағы қалыпты қарым-қатынасқа сызат түсіретін мәлімдемелер пікірталас алаңдарында қалуға тиіс. Біздің қарым-қатынасымыздың халықаралық-құқықтық негізін бұзатын мұндай мәлімдемелер нақты саясатқа ұқсамайтынына сендіргім келеді", - деп түсіндірді ол.