«42 жастағы алматылық вакцинадан соң қайтыс болды» – басқарма өкілі түсініктеме берді
«42 жастағы алматылық вакцинадан соң қайтыс болды» – басқарма өкілі түсініктеме берді
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы вакцинадан қайтыс болды делінген алматылыққа қатысты пікір білдірді. Ер адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде таралды.
«Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Бақытжан Нұртазиннің өлімі жайлы ақпарат тарауда. Алматы қаласының әкімдігі марқұмның туыстарына көңіл айтады. 1979 жылы туған Б. Нұртазин есімді азамат биыл 12 сәуір күні емханаға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін жүгінген. Екпе хаттамаға сәйкес өтті. Екпеден кейін Б. Нұртазин 30 минут бойы бақылауда болған, ешқандай шағым жасамаған», – деп хабарлады қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қайтыс болған 42 жастағы алматылық 21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алған.
«Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы қанағаттанарлық болған, екпе процедурасынан кейін 30 минут бақылауда болып, Б.Нұртазин үйіне кеткен. Жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған», – деп атап өтті басқармадан.
Болжам бойынша, ол жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болған. Қазір нақты себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болмақ.