Қазақстанның армиясында қанша сарбаз бар?

Қазақстанның армиясында қанша сарбаз бар?

Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 29 жыл болады. ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің жеке құрамының санын құпия сақтайды. Aikyn.kz ашық дереккөздердің көмегімен елдегі әскер санын анықтап көрді.

Ашық дереккөздің мәліметінше, Қазақстан Қарулы күштерінің саны - 80 мың адам шамасында. Ал Ұлттық ұланды және басқа да әскери құралымдарды қоса есептегенде - 109000 (120000) адам шамасында. Ал Global Fire Power рейтингінде Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Рейтинг дерегінше, Қазақстанның қолда бар белсенді әскери күшінің саны 135 мың адам шамасында. Бұл мәлімет 2021 жылға дейінгі деректер бойынша жиналған. Сонымен бірге оның ресми емес дерек екенін ескерткен. Рейтингте Қазақстанның соғыс жағдайында қорғаныс саласына жұмылдырылуы мүмкін азаматтарының саны 8,5 миллион шамасында деп көрсеткен. Әскери қызметке жарамды азаматтар саны - 6,5 миллион шамасында. Жыл сайын әскерге шақыру жасына жеткен азаматтар саны - 261 мыңнан астам. Әскериленген құрама қызметкерлерінің саны - 32 мың шамасында. Осы рейтингтің дерегіне сәйкес Қазақстанның қорғаныс бюджеті 4 млрд долларға дейін жетеді. ҚР Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Қазақстанның үш жылдық қорғаныс бюджеті (2020 - 2022 жылдар) - 961 миллиард теңге (немесе 2,55 миллиард доллар). 2020 жылға 331,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 313,6 млрд теңгесі Қарулы Күштерді ұстауға, 18,3 млрд теңгесі - кадр әлеуетін дамытуға және медициналық қамтамасыз етуге бөлінген. Айта кетейік, Global Fire Power-дің әскери қуат деңгейі бойынша рейтингінде АҚШ бірінші орында тұр. Жалпы рейтингке 140-қа жуық ел енгізілген. Көшбасшылардың бестігіне Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония кірді. Global Fire Power рейтингті 50 критерий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қол жетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да факторлар бар. Рейтингте елдің ядролық қаруының болу факторы ескерілмеген. 2020 жылы Қазақстан әскери қуаты бойынша рейтингте 63-орынды иеленген еді. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылады. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған. Оларды іріктеу кезінде медициналық комиссиядан 194 мыңға жуық адам өткен. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың көбі – 19 жастағы азаматтар (10900 адам). Сонымен бірге 9800-і 18 жаста, 6800-і 20 жаста, 6500-і 21 жас және одан үлкен жастағы азаматтар шақырылған.