Алматы полициясы “ASTEX.KZ” ЖШС, “ACD technology” ЖШС ұйымдастырған қаржы пирамидасының құрбандарын іздеп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz. 2021 жылы 27 сәуірде бір топ адам Алматы қалалық ПД-ге қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша “ASTEX.KZ” ЖШС, “ACD technology” ЖШС басшыларына қатысты ұжымдық арыз түсірді (ҚР ҚК-нің 217 бабы).
– Сотқа дейінгі тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысуға қажет қаражатты тарту үшін бірлескен қызмет туралы шарт жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға аударылған соманың 20%-ын төлеуі тиіс болатын. Сонымен қатар “ASTEX.KZ” ЖШС-де 160 салымшының бір миллиард теңгеге жуық қаражаты басқа компаниядан - “MUDARABAN CAPITAL” ЖШС арқылы түскені анықталды. Сондай-ақ “ASTEX.KZ” ЖШС мен “ACD technology” ЖШС-ге басқа да компаниялар арқылы салымшылардан ақша аударылғаны белгілі болды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.Қаржы пирамидасын құру және басқаруды ұйымдастырған, бұрын ҚР ҚК-нің 311-бабы (Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату) бойынша сотты болған 1982 жылы туған К. және 1974 жылғы М. күдікті болып табылады. Оларды ұстау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сот “ASTEX.KZ” ЖШС мен “ACD technology” ЖШС заңды мекен-жайларында тінту жүргізу туралы қаулы шығарды.
– Жоғарыда аталған ЖШС басшыларының қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен басқа тұлғаларды анықтау үшін азаматтар арыз жазуы керек. Зардап шеккендердің 8-778-375-16-00 және 8-775-594-42-00 нөмірлеріне хабарласа алады, – деді Р. Әбдірахманов.Бұған дейін Баян Алагөзова жарнамалаған компанияға жұрт жаппай арыз жазып жатқанын хабарлаған болатынбыз.