Петропавлда «ГАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі жолды кесіп өтпек болған 7 жасар баланы қағып кетті. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға 5 мамыр күні шамамен сағат 13.40-та Н.Назарбаев көшесінде болған. «ГАЗ» жүк көлігінің 32 жастағы жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер қиылысында жолды кесіп өтіп бара жатқан бірінші сынып оқушысын байқамай, қағып кеткен. Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Бүлдіршін аман. Ата-анасы жүргізушіге қатысты наразылық білдіруден бас тартты. Полицейлер «Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу» бабы бойынша материал жинастырды, жүргізушіге айыппұл салынды.
«Тәртіп сақшылары оқушылармен және ата-аналармен кездесу өткізді. Оқушыларды жолда қауіпсіздікті сақтау туралы ескертіп, ата-аналарға қауіпсіз «үй-мектеп» бағытын құруға көмектесті. Жыл басынан облыстың оқу орындарында полицейлер 623 кездесу өткізіп, жадынамалар таратты. Жазғы демалыс қарсаңында «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.