Бюллетеньге «Барлығына қарсы» бағаны енеді

Бюллетеньге «Барлығына қарсы» бағаны енеді

Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізетін заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірнеше маңызды жоба құпталды. Оның арасында биылғы бюджетке және «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобалары бар.

Еліміздің басты қаржылық құжаты 2021-2025 жылдарға ар­­налған макроэкономикалық көр­сеткіштер болжамының нақ­­­ты­лануына байланысты қайта қа­­ралып отыр. Түзетулер «Nur Otan» партиясының сай­лауалды бағ­дарламасын, Мемле­кет бас­­шы­сының Жолдауын және ко­ро­навируспен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыруға ба­ғыт­талған. Жиында депутаттар бюджетке қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Мысалы, жол сапасы сын көтермейтіні, құрылыстар дер кезінде аяқталмайтыны тілге тиек етілді. – Жасыратыны жоқ, қар түс­кенде жол төсеп жатқанын бәріміз жиі көреміз. Кейде бір жыл өтпей қайтадан жөндеуге кірісіп жатады. Бұл ненің көрсеткіші? Біріншіден, сапалы конкурс өткізіп, сенімді компания табуға уақыт жетіспейді. Екіншіден, барлық жұмыс асығыс жасалады. Әрине, одан кейін жұ­мыстың да еш сапасы бол­май­ды. Ал, бюджеттен қаншама ақша кетуде. Өткен айда ол жайында Президент айтты. Қазір респуб­ликалық және жергілікті автожол­дарды қайта қалпына келтіруге және жөндеуге 140 миллиардтан астам теңге бөлініп отыр. Яғни, тағы бермекпіз, – деген Нұрлан Зайроллаұлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі­не осынша қаражат бөлін­гендіктен, қайтарым мен нәтиже, яғни сапалы жолдар болуы керегін айтты. Н.Нығматулин жаңа бюджет жобасында дәстүрлі түрде әлеу­меттік саланы дамыту шығыстары ұлғайтылғанын, ол тағы 374 мил­лиард теңгеге артқанын алға тарт­ты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асыры­латын іс-шараларды жалғастыруға 90 млрд теңгеден астам сома қо­сымша беріледі. Шамамен тағы 70 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына шығындалмақ. Коронавирус инфекциясымен күреске 265 миллиард теңгеден көп қаражат жұмсалмақ. Жалпы отырыста «Сайлау ту­ралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы мақұл­данды. Оған сәйкес, әкімдікке кандидаттарды саяси партиялар ұсына алады. Сондай-ақ азамат­тардың өзін-өзі ұсынуына мүм­кіндік бар. Заң жобасы арқылы енді бар­лық деңгейдегі сайлауда бюл­летеньдерге «Барлығына қарсы» бағаны енгізілгелі отыр. Саяси пар­тиялар үшін Парламент Мә­жілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ заң жобасында аудан­дық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тұрғындардың сай­лауына қатысты нормалар қам­тылған. –Заң жобасы тікелей Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзір­ленді. Онда Президентіміздің сая­си партияларға және сайлауда берілетін бюллетеньге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округ­тердің әкімдерін тікелей сай­лау­ды қамтамасыз ететін жаңа нор­малар қабылданды. Осының бар­­­­­­лығы ел Пре­зидентінің саяси жаңғырту бастамаларын заң жа­ғынан қол­дауға арналған тағы бір нақты қадам, – деді Мәжіліс Төрағасы.  

Айхан ШӘРІП