Армиямыз – елдіктің берік қалқаны
Армиямыз – елдіктің  берік қалқаны
159
оқылды

Ақордада жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ  әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қыз­меті  хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиын­ға қатысушыларды Отан қорғау­шы күнімен және Жеңіс мейра­мымен құттықтап, халқымыздың ерлік дәс­түрін танытатын қос ме­реке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылды­ғы аясында өтіп жат­қанын айтты. – Егемендіктің қадір-қасиеті – жер­дің тұтастығы мен елдің ты­ныш­тығында. Осы асыл құнды­лықтарды Қарулы Күштеріміз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуелсіздік жыл­дарында Тұңғыш Президен­тіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың ар­қасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастыр­дық. Әскеріміздің бес қаруын сай­ладық. Сарбаздарымыздың жауын­герлік рухын көтеріп, кәсі­­би ма­шығын шыңдадық. Бүгін­де армия­мыз – елдігіміздің берік қалқаны, Тәуелсіздігіміздің мыз­ғымас тұ­ғыры, – деді Прези­дент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның бейбітшілік пен тұрақты­лықты қалайтын мемлекет екенін атап өтті. Бірақ ұлттық мүддеге нұқ­сан келтіретін кез келген әре­кет­ке тойтарыс бере аламыз. Соң­ғы уақытта жер жүзінде түрлі қақ­­­тығыс көбейіп кетті. – Сарапшылар алпауыт мем­лекеттер арасындағы тартыстарды қырғиқабақ соғыс кезеңіндегі ахуал­мен теңестіруде. ТМД аума­ғында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек, – деді Мемлекет бас­шысы. Президент өз сөзінде армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіз­діктің басты кепілі саналатынын айтты. Жаһандық өзгерістер мен геостратегиялық тұрақсыздық жағ­дайында әлемде әскери қыз­метшілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықа­ралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызмет­ші­лер БҰҰ-ның бітім­гершілік мис­сиясы аясында өзде­ріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­де өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қыз­мет­шілерге, Күштік құрылым қыз­­меткерлеріне көрсетілген шы­найы құрмет деп бағалады.