Ақордада жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты. – Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында. Осы асыл құндылықтарды Қарулы Күштеріміз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастырдық. Әскеріміздің бес қаруын сайладық. Сарбаздарымыздың жауынгерлік рухын көтеріп, кәсіби машығын шыңдадық. Бүгінде армиямыз – елдігіміздің берік қалқаны, Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет екенін атап өтті. Бірақ ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін кез келген әрекетке тойтарыс бере аламыз. Соңғы уақытта жер жүзінде түрлі қақтығыс көбейіп кетті. – Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғиқабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент өз сөзінде армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналатынын айтты. Жаһандық өзгерістер мен геостратегиялық тұрақсыздық жағдайында әлемде әскери қызметшілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.