Күтумен өткен ғұмыр
Күтумен өткен ғұмыр
Сағындым, Жексенұлым, Қосшығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбыным. Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның, Зарына құлағыңды тосшы бүгін. Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа, Сендерге бәсіре деп өзі жоқта. Ірімшік, құрт-майымды сақтап жүрмін, Бір тойың болады-ау деп осы жақта... Бұл – Алтынбек Қоразбаевтың орын­дауын­дағы «Қара кемпірдің зары». Мұндай тағ­дыр Қызылорда облысы Жалағаш ау­да­нының тұрғыны Ләпилә әжейдің де ба­­­сынан өткен. Ананы баладан, баланы әке­ден айырған сұрапыл соғысқа кетіп, қай­та оралмаған жалғыз ұлын ғұмыр бойы кү­тіп өткен Ләпила анамызды жұрт әлі күн­ге аңыз етіп айтады. «Менің баламның өлуі мүмкін емес, келеді әлі, көресіңдер» де­ген ғазиз ана Жеңістен кейін ұлын 40 жыл күтіпті. Майдан даласынан қара қағаз кел­се де, Ләпила әжей жалғыз ұлының өл­ге­ніне сенген жоқ. Өйткені соғыстан кейін «өлді» деген тізімге алынған сол­дат­тың көбі елге қайтқан. Соны көрген ана­мыз өзінің дәм-тұзы таусылғанша ұлының ке­летініне сенді... Ләпила әжейдің замандасы, тыл ар­дагері, қазір жасы 97-ге келген Шолпан әже­міздің сөзінше, колхоз жұмысында жүр­ген Байсопақ келіні Ләпиланың ба­ла­сы Боранқұл әскерге 1942 жылы ша­қы­ры­лып­ты. Колхоз жұмысында жүрген Ләпилә әжей баласы Боранқұлды әскерге шақырту жөніндегі қағазын алғанда арқасы мұздап қоя береді. Терең ойға шомып отырып: «бас­қа-басқа, жар дегенде арқа таянышым­ды әскерден босататын шығар деп іштей жұ­ба­нып жүрсем, бұл өкіметте ондай жар­ғы жоқ екен ғой. Ертеректе бабаларымыз­дан қалған салт бойынша, атадан жалғыз ер баланың сол құлағының сырғалығына бір, ал әулеттен жалғыз болса, қатарынан қос сырға тағып жүрген екен. Ондай әді­лет­ті заман қайда?! Балам тым болмаса, қо­лымды ұзартып отырса екен. Ержеткен бойы еді, енді қайттім, маңдайға жазғаны осы болса, нартәуекел» деген шешесі жал­ғы­зының азығын сайлап, түнімен көз іл­мей шығыпты. Жаугершілікте қан майдан алдында сап­та тұрған сарбаздарға жасақ басылары «тү­зел» деген бұйрық беру арқылы атадан, әу­лет­тен жалғыз жауынгерлерді сырғасы­нан танып, басқалардан айырып қана қой­май, қауіпті, қатерлі тапсырмалардан бо­са­тып, оларды шаңырақ түтетуші, ұрпақ жал­ғаушы ретінде бағалап, аман-саулы­ғына бүкіл ондық, жүздік немесе мыңдық жауап беретін болғандықтан, олардың өмі­рін сақтап қалуға аса мән беріп, қатты қа­дағалап отырған. «Қатарларым майданға кетіп жатқанда ауыл­да қалғаным жарамас, ел-жұртқа қай бе­тіммен қараймын. Бәрінен де шешеме қиын болды-ау, пішен ору, отын шабу, үй тір­лігі қаншама! Әттең, бір інім болғанда ғой, бар шаруаны тапсырып, майданда көңі­лім орнығып жүрер еді. Осы маған ше­шемнен Отан жақын болғаны ма?» деп май­данға шақырту қағазын алғаннан бері ма­залап жүрген сұрағына тағы да жауап із­деген Боранқұл ойын түйіндей келе «әл­де Отанымнан анам жақын ба? Анам жа­қын десем,  он екі мүшем сау бола тұра ауыл­­да ба­ла-шаға, кемпір-құртаңмен қалу. Отан жақын десем, онда жалғыз шешемді бір Құдайға тапсырып, ел қорғауға қа­та­рым­нан қалмай аттану» деп әскерге ат­та­нып кетіпті. Ертеңіне теміржол перронында ше­ше­сі жалғызын құшақтай, маңдайынан иіс­кеп, көз жасына ие бола алмай тұрып: «Ай­­­­налайын құлыным, өз-өзіңе сақ бол, аман-есен орал», – деді де, әрі қарай сөй­леуге мұршасы келмей, қос жанардан жа­­сы тамып қала берді. Әрбір күнін сағынышпен өткізген ға­зиз анаға 1943 жылы баласынан «қара қа­ғаз» келеді. Суық хатты қолына алған ана қатты науқастанып, есеңгіреп қалады да, колхоз жұмысына баруды да доғарады. Іш күйігінен өкіметтен безіне, ен далада жер­төле қазып, жатақ құрады да қалған ғұ­мырын адамдардан жырақ, елсізде өт­кізуге бел буады. Соғыстан оралған қайынаға, қайны­лары жанашырлық білдіре колхозға қайта келуін өтінгендерімен, Ләпила әжей айда­ла­да жападан-жалғыз өмір сүре береді. Сон­да Самырат есімді қайнысы: «Бүйтіп жү­ріп өліп қалсаң, ит-құсқа жем боларсың. Өзім­мен бірге ала кетемін! Жолға дайын­дал!» деп жеңгесін Жалағаштағы ағайын­дар­дың ортасына көшіріп алып келеді. Ме­шіт ұстап, бала оқытқан Қоразбай мен оның бел баласы Ысқақ молданың бұрын­ғы мешітінің қасына үй салып, сол маңға орналастырады. Ләпилә әжеміз ағайын-туыс, қоңсы-қо­лаң­мен қоштасар кезінде «Мына, молда қай­нағамның мешіт іргесіне салынған то­қал тамым құлап, төбе боп қалғанша жат­сын. Ертең Боранқұлым келіп қалса, «Шешемнің үйін неге бұздыңдар?» деп жү­рер. Шет мемлекетте тұрғасын елге келе ал­май жүрген ғой. Кейін уақыт өте балам мен немерелерім келіп қалар» деп жалғы­зын күткен әжей 1983 жылы 86 жасында дүниеден озыпты. Оның ұлы Боранқұл Бөкеев 1921 жылы Қы­зылорда облысы Тереңөзек ауданы Құн­дызды ауылдық кеңесіне қарасты «1 Май» колхозында (қазіргі С.Сейфуллин ауы­лы) дүниеге келген. Жетіжылдық мек­теп­ті бітіріп, соғысқа аттанғанынша туған ауылында еңбек етеді. Әскер қатарына Те­реңөзек аудандық әскери комисса­риа­тынан шақырылып, 1941 жылдың 14 жел­тоқсанында Ақтөбе қаласында жасақталып жат­қан 101-ші ұлттық атқыштар бри­гада­сы­на түседі. Соғыста барлау ротасында бар­лаушы болып қызмет атқарғаны жө­нін­де өзінен келген хаттардан белгілі бол­ған. Кейін елге қара қағаз келіп, оның қаза тапқаны жазылған. Десе де, жалғыз ұлын өлімге қимаған Ләпила әжей өмірінің соңына дейін бала­сының жолын тосумен болыпты...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы