Сағындым, Жексенұлым, Қосшығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбыным. Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның, Зарына құлағыңды тосшы бүгін. Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа, Сендерге бәсіре деп өзі жоқта. Ірімшік, құрт-майымды сақтап жүрмін, Бір тойың болады-ау деп осы жақта... Бұл – Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы «Қара кемпірдің зары». Мұндай тағдыр Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Ләпилә әжейдің де басынан өткен. Ананы баладан, баланы әкеден айырған сұрапыл соғысқа кетіп, қайта оралмаған жалғыз ұлын ғұмыр бойы күтіп өткен Ләпила анамызды жұрт әлі күнге аңыз етіп айтады. «Менің баламның өлуі мүмкін емес, келеді әлі, көресіңдер» деген ғазиз ана Жеңістен кейін ұлын 40 жыл күтіпті. Майдан даласынан қара қағаз келсе де, Ләпила әжей жалғыз ұлының өлгеніне сенген жоқ. Өйткені соғыстан кейін «өлді» деген тізімге алынған солдаттың көбі елге қайтқан. Соны көрген анамыз өзінің дәм-тұзы таусылғанша ұлының келетініне сенді... Ләпила әжейдің замандасы, тыл ардагері, қазір жасы 97-ге келген Шолпан әжеміздің сөзінше, колхоз жұмысында жүрген Байсопақ келіні Ләпиланың баласы Боранқұл әскерге 1942 жылы шақырылыпты. Колхоз жұмысында жүрген Ләпилә әжей баласы Боранқұлды әскерге шақырту жөніндегі қағазын алғанда арқасы мұздап қоя береді. Терең ойға шомып отырып: «басқа-басқа, жар дегенде арқа таянышымды әскерден босататын шығар деп іштей жұбанып жүрсем, бұл өкіметте ондай жарғы жоқ екен ғой. Ертеректе бабаларымыздан қалған салт бойынша, атадан жалғыз ер баланың сол құлағының сырғалығына бір, ал әулеттен жалғыз болса, қатарынан қос сырға тағып жүрген екен. Ондай әділетті заман қайда?! Балам тым болмаса, қолымды ұзартып отырса екен. Ержеткен бойы еді, енді қайттім, маңдайға жазғаны осы болса, нартәуекел» деген шешесі жалғызының азығын сайлап, түнімен көз ілмей шығыпты. Жаугершілікте қан майдан алдында сапта тұрған сарбаздарға жасақ басылары «түзел» деген бұйрық беру арқылы атадан, әулеттен жалғыз жауынгерлерді сырғасынан танып, басқалардан айырып қана қоймай, қауіпті, қатерлі тапсырмалардан босатып, оларды шаңырақ түтетуші, ұрпақ жалғаушы ретінде бағалап, аман-саулығына бүкіл ондық, жүздік немесе мыңдық жауап беретін болғандықтан, олардың өмірін сақтап қалуға аса мән беріп, қатты қадағалап отырған. «Қатарларым майданға кетіп жатқанда ауылда қалғаным жарамас, ел-жұртқа қай бетіммен қараймын. Бәрінен де шешеме қиын болды-ау, пішен ору, отын шабу, үй тірлігі қаншама! Әттең, бір інім болғанда ғой, бар шаруаны тапсырып, майданда көңілім орнығып жүрер еді. Осы маған шешемнен Отан жақын болғаны ма?» деп майданға шақырту қағазын алғаннан бері мазалап жүрген сұрағына тағы да жауап іздеген Боранқұл ойын түйіндей келе «әлде Отанымнан анам жақын ба? Анам жақын десем, он екі мүшем сау бола тұра ауылда бала-шаға, кемпір-құртаңмен қалу. Отан жақын десем, онда жалғыз шешемді бір Құдайға тапсырып, ел қорғауға қатарымнан қалмай аттану» деп әскерге аттанып кетіпті. Ертеңіне теміржол перронында шешесі жалғызын құшақтай, маңдайынан иіскеп, көз жасына ие бола алмай тұрып: «Айналайын құлыным, өз-өзіңе сақ бол, аман-есен орал», – деді де, әрі қарай сөйлеуге мұршасы келмей, қос жанардан жасы тамып қала берді. Әрбір күнін сағынышпен өткізген ғазиз анаға 1943 жылы баласынан «қара қағаз» келеді. Суық хатты қолына алған ана қатты науқастанып, есеңгіреп қалады да, колхоз жұмысына баруды да доғарады. Іш күйігінен өкіметтен безіне, ен далада жертөле қазып, жатақ құрады да қалған ғұмырын адамдардан жырақ, елсізде өткізуге бел буады. Соғыстан оралған қайынаға, қайнылары жанашырлық білдіре колхозға қайта келуін өтінгендерімен, Ләпила әжей айдалада жападан-жалғыз өмір сүре береді. Сонда Самырат есімді қайнысы: «Бүйтіп жүріп өліп қалсаң, ит-құсқа жем боларсың. Өзіммен бірге ала кетемін! Жолға дайындал!» деп жеңгесін Жалағаштағы ағайындардың ортасына көшіріп алып келеді. Мешіт ұстап, бала оқытқан Қоразбай мен оның бел баласы Ысқақ молданың бұрынғы мешітінің қасына үй салып, сол маңға орналастырады. Ләпилә әжеміз ағайын-туыс, қоңсы-қолаңмен қоштасар кезінде «Мына, молда қайнағамның мешіт іргесіне салынған тоқал тамым құлап, төбе боп қалғанша жатсын. Ертең Боранқұлым келіп қалса, «Шешемнің үйін неге бұздыңдар?» деп жүрер. Шет мемлекетте тұрғасын елге келе алмай жүрген ғой. Кейін уақыт өте балам мен немерелерім келіп қалар» деп жалғызын күткен әжей 1983 жылы 86 жасында дүниеден озыпты. Оның ұлы Боранқұл Бөкеев 1921 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Құндызды ауылдық кеңесіне қарасты «1 Май» колхозында (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті бітіріп, соғысқа аттанғанынша туған ауылында еңбек етеді. Әскер қатарына Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, 1941 жылдың 14 желтоқсанында Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-ші ұлттық атқыштар бригадасына түседі. Соғыста барлау ротасында барлаушы болып қызмет атқарғаны жөнінде өзінен келген хаттардан белгілі болған. Кейін елге қара қағаз келіп, оның қаза тапқаны жазылған. Десе де, жалғыз ұлын өлімге қимаған Ләпила әжей өмірінің соңына дейін баласының жолын тосумен болыпты...
Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы