Елім деп туған ер қымбат
Елім деп туған ер қымбат

Ерлік тек сұрапыл соғыспен өлшенбейді. Қазір елімізде әр сала бойынша өз басын қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін аман сақтап қалып жатқан бейбіт күннің батырлары баршылық. Әрине, бейбіт күнде ажалмен бетпе-бет келетіндердің дені – от пен судың ортасында жүретін құтқару қызметіндегілер, өрт сөндірушілер, полицейлер. Ал былтырдан бастап ол қатарды коронавирус деген «көрінбейтін жаумен» күрестің алдыңғы шебінде келе жатқан дәрігерлер толықтырды. Дегенмен біз мереке қарсаңында ел үшін ерен ерліктің үлгісін көрсеткен әскери қызметкерлердің ең елеулілерін атап өткенді жөн көрдік.

Лаңкестер шабуылына тойтарыс

Коронавирус дедік қой, сақтық сапынан көрінген сарбаздардың ерлігін содан бастасақ, биыл Президент Жарлығымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі жемісті жұмысы үшін қайтыс болған 3 әскери қызметші «Айбын» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ 52 сарбаз «Халық алғысы» медаліне лайық деп танылды. Сонымен, тәуелсіздік жылдарында күні бүгінге дейін Ұлттық ұланның 214 әскери қызметшісі мемлекеттік марапатқа ие болған екен. Оның ішінде әскери міндетін адал атқарып, ерекше көзге түскен жас жауынгерлер де бар. Тіпті, олардың ерліктері көркем және деректі фильмдер түсіруге түрткі болған. Мы­салға болған оқиға ізімен түсірілген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдерін алсақ та жеткілікті. Нақты тоқтала кетсек, 2010 жылы Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) қатардағы жауынгері, тәуелсіздіктің құрдасы Ербол Отарбаев Елбасы Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ішкі әскердің Ақтауда орналасқан №6 656 әскери бөлімінде жедел қызметтен өтіп жатқан ол қатаң режімдегі ГП-172/1 түзету мекемесінен қашпақ болған қылмыскерлер тобының жолын кескен болатын. Операция барысында жараланған батырға Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери госпитальде 6 айда 3 ота жасалды. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай: жарық сөніп қалған сәтте қараңғылықты пайдаланған тұтқындар ішкі әскер сарбаздарының күзетіндегі колонияның шеткі қоршауына дейін жетеді. Күзетте тұрған Ербол Отарбаев оларға қарсы оқ атып, өзі иығынан жараланады. Қашқындардың дуал сыртында күтіп тұрған сыбайластары да ішке қарай оқ жаудырып, сол сәтте жауынгер Ербол Отарбаев 3 қашқынның көзін жойды. Сонда қашқындардың сырттағы сыбайластар көлігіне жетіп үлгермеген жартысы жақын маңда салынып жатқан құрылыс нысанына барып жасырынған. Кейін оқиға орнына жеткен «Арлан» арнайы жасағы сол нысанға шабуылдап, тағы 3 қашқынды мерт етеді. Тек біреуі ғана тірідей қолға түскен. Осылайша, 19 жасында ерлік көрсеткен жауынгер Ербол Отарбаевтың өмірін арқау еткен «Алтыншы бекет» фильмі түсіріліп, оның тұсаукесері 2018 жылы өтті. 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тос­қауыл қоя білген жас жауынгердің рөлін актер Санұржан Сүлейменов сомдады. Бүгінде атына заты сай Ербол Отарбаев – Ұлттық ұланның офицері. Кинодан көргеніміздей, ол қарсы тұрған қашқындардың деструктивті діни ағымға қатысы бар екені байқалады. Ал ондай лаңкестер 2016 жылдың 5 маусымда да Ақтөбедегі 66/55 әскери бөліміне шабуыл жасаған болатын. Сонда әскери бөлімнің қару сақталған қоймасын басып алуды көздеген 17 содыр 8 минутта 6 әскери қызметшіні жарақаттап, үшеуін өлтірген. Алайда олар елі үшін оқтан да, оттан да тайсалмайтын тегеурінді жауынгерлердің қарсылығына тап болды. Соның нәтижесінде Ішкі істер министрлігі 9 сарбазды «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. «Сол күні медициналық пунктте кезекшілікте болдым. Лаңкестер кірген кезде сақтануға тырыстық. Кейін дабылдың даусын естіп, жарақат алғандарға шұғыл көмек көрсеттім. Ол күнді ешқашан ұмытпаймын. Әсіресе, ерлік көрсеткендерді мақтан етемін», – дейді марапатталғандардың бірі, аға нұсқаушы Ирина Балмағамбетова. ел әскері

Жалынға жалаң қолмен ұмтылғандар

Еске сала кетсек, Ұлттық ұланның 6 506 әскери бөлімінің командирі Қайрат Үмбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын. Ол – еліміздегі «Халық қаһарманы» атанған 32 азаматтың бірі. Себебі Қайрат Үмбетов 2016 жылы Қарағанды облысындағы әскери бөлімде жауынгерлік гранатаны окопқа түсіріп алған жас сарбазды өз денесімен жауып, ажалдан құтқарып қалған еді. Сарбаз аман, ал полковниктің бойынан гранатаның 60-қа жуық жарықшағы табылды. «Денемде гранатаның әлі де 29 жарықшағы бар», – дейді қаһарманның өзі. Өмірінің 24 жылын әскери-патриоттық салаға арнап, есімі «100 жаңа есім» жобасына енген батыр сол оқиғаны «ерлік жасадым» деп есептемейді. Қызмет барысындағы көп іс-әрекеттің бірі деп қана қарайды. Бұл да сол хас батырға тән мінез болса керек. Есімін ерекше атап өтер халық қаһарманының тағы бірі – Азамат Жұмаділов. Үштөбе қаласының маңында орналасқан 55 078 әскери бөлімінің лейтенанты Азамат Жұмаділов өрттен 4 адамды құтқарып қалған. «Біз далаға шығып, не болғанын түсіне алмай жатқанда, 3-4 минуттан соң үйдің төбесі гүрс етіп ортасына түсті. Біз қандай ажалдан аман қалғанымызды, қандай күйге душар болғанымызды сол сәтте бір-ақ түсіндік», – дейді өрт шыққан күні  ғимаратта балаларымен бірге ұйықтап  жатқан Маржан Мақұлжанова. Азамат Жұмаділов болмағанда сол жолы оқыс оқиға 4 адамның ажалымен қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Сол ерлігі ескеріліп, Қорғаныс министрлігі 23 жастағы лейтенантқа мерзімінен бұрын аға лейтенант атағын беріп, арнайы марапаттады. Ал 2019 жылы Семей қаласындағы «Шы­ғыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Батыс әскери қалашығы 35 411 әскери бөлі­мінің сарбазы Қуандық Қанатов жатақханадағы алапат өрттен 15 адамды құтқарды. «Ер­лік жасап, атымды шығарайын деп еш ойлаған емеспін. Тіпті, ондайда қара басыңның қамын ойламай, бірден көмекке жүгіреді екенсің», – дейді ол. Кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған бейбіт күн­­­нің батыры сол жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанды. Келесі батырымыз – Қарағанды қаласындағы 31 775 әскери бөлімнің инженерлік қыз­мет бастығы Жасұлан Әшірбеков. Ол өзінің көмекшісі, сержант Берік Тахировпен Приозерск қаласының маңындағы әскери полигонда жарылмай қалған оқ-дәрілерді залалсыз­дандырудың жоспарлы іссапарына аттанады. Тікелей бастығы – майор Алексей Ирисов. Жарылмай қалған снарядтарды залалсыздандыру – Қарағандыдан барған саперлік топтың басты міндеті. Ал әскери бөлімнен 20 шақырым сыртта жүрген олардың қайғылы оқиғаға душар болғанынан басшылық бейхабар болатын. Өйткені ол жерде ешқандай байланыс желісі жоқ. «Кезекті снарядты алып, өзіміз мінген көліктің артына салып, сержант Берік Тахиров екеуміз кабина есігін ашпақшы болдық. Қырсық қылғанда, есік ашылмады. Кабина ішінде майор Алексей Семенович пен жүргізуші отырған. Мен бер жағынан тартып көрдім, ашылмады. Екінші жағынан сержант тартты. Сол кезде гүрс еткен жарылыс болды. Бір күш аулаққа лақтырып жіберді. Одан кейін­гісі есімде жоқ. Бір кезде есімді жидым, көлігіміз өртеніп жатыр. Жанұшырып тұра жүгірдім. Өйткені көліктің бортында басқа да жарылғыш заттар бар. От сонда түссе, бітті!» деп еске алды сол жантүршігерлік оқиғаны Жасұлан Әшірбеков. Сөйтіп, ол жете салысымен көліктің есігін жұлқып ашып, майор мен жүргізушіні құтқармақ болады. Ал жағдайы мүшкіл сержант Берік Тахиров көліктің астында жатқан. Мина бассүйегінің қақпағын жұлып әкетіпті. Жалмажан оны көліктен 100-120 метрдей жерге апарып, өзінің каска ішінен киіп жүретін тоқыма шапкасымен қанын тоқтатқандай болады. «Бірақ қан аузынан да кетіп жатты. Сөйтсем, кейін көмек келгенде білдім, қос өкпесіне де жарықшақ қадалыпты», – дейді Жасұлан. Сондай-ақ жарылыс екпінімен өзінің де басы ауырып, иығы сырқырай бастаған. Біраз қан жоғалтып алыпты. Кейін белгілі болғандай, оған да минаның 6 жарықшағы қадалып, иығының сүйегін жарып жіберген екен. Аймақ бойынша саперлер тобының жетекшісі өзі ғана болғандықтан, бұл батыр одан кейін де 60 шақты минаны залалсыздандырған. Ал 2012 жылдың 7 мамырында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, оны Елбасы өз қолымен табыстады.

Еркеғали БЕЙСЕН