Отан қорғаған Абай ұрпағы
Отан қорғаған Абай ұрпағы

1941-1945 жылдардағы Екінші дүние­жүзілік соғыс тарихқа мәң­гі таңба қалдырды. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрысқа қатысты. Қа­зақ­стандық жауынгерлер Украинаны, Беларусьті, Балтық бойын, Молдавияны азат етті. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Еуропа халықтарын Гит­лердің тепкісінен азат етуге атсалысты. Соғыс жылдарында майдан шебінде қазақтың көрнекті тұлғалары мен ақын-жазушылары Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша қайсарлық танытып, Кеңес Одағы сарбаздары сапында ер­лік көрсетті. Хакім Абайдың немере-шөберелері Берекехан мен Жошыхан Мағауиндер, Әлихан мен Қапсәләм Ақыл­баевтар, Құзайыр мен Қалышер Мекайыл балалары, Тоқташ Ізкәйілұлы, Алпаш Жебрәйілұлы, Ишағы Жағыпарқызы сияқты майдангерлер Отанын жаудан қорғап, кескілескен қан майданда жанын қиды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай Құнанбайұлы ұрпағының жиыны – тоғыз адам.

Жошыхан Жағыпарұлы Ма­ғауин (1924-1943) – данышпан ақын Абай Құнанбайұлының шө­бере­сі. 1924 жылы бұрынғы Семей об­лысы Абай ауданының Қарауыл ауы­лында дүниеге келген. Жо­шы­хан 1934 жылы әкесі Жағыпар қайтыс болғаннан кейін апасы Иша­ғы, қарындасы Ғазел үшеуі Ал­­матыдағы балалар үйінде тәр­бие­ленеді. Ол Алматы қал­а­сын­да­ғы №12 мектеп-интернатты бі­ті­ріп, 1942 жылы майданға атта­на­ды. 1943 жылдың тамыз айында Ха­­­рьковті азат ету үшін болған шай­қаста ерлікпен қаза табады. Абай музейінің қорында Жошы­хан Мағауиннің майдан шебінде жүрген кезінен хабар беретін бір­неше хаты сақталған. Ұлы ақын ұр­пағы өзінің хаттарын әпкесі Иша­ғы, қарындасы Ғазел, ағасы Шә­мен сияқты жақын туыста­ры­на арнап жазған болатын. Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) – Абайдың шөбересі, Ма­ғауия­­ның немересі. Семейде 7-сы­­ныпты орысша оқып бітірген. Шы­ғыс Қазақстан облысы Но­во­шульба ауданында Уба-Форпост ауыл­дық кеңесінен әскер қа­та­ры­на алынып, Ұлы Отан соғысына қа­тысқан. Абай музейінің қо­рын­да Берекеханның оннан астам ха­ты сақталған. Тоқташ Ізкәйілұлы (1924-1943) – Абайдың немересі. Ол му­­­­зы­калық аспаптар домбыра, баян­­да ойнап, Абай әндерін әуе­лете шырқаған өнерпаздардың бі­рі болған. Тоқташ неміс фашис­те­ріне қарсы Отан соғысына қа­ты­сып, 1943 жылы қаза болған. Құ­зайыр Мекайылұлы (1912-1945) – Абайдың немересі, бай тұ­қы­мы ретінде жер аударылып, ел­ден қуылған. Фрунзе қаласына ба­рып паналап, қара жұмыс істе­ген. Сол жерден әскерге алынып, 1945 жылы майданда қаза тапқан. Әлихан Әубәкірұлы (1918 - ө.ж.б.) – Абайдың шөбересі. Отан со­ғысына қатысып, хабарсыз кет­кен. Алпаш Жебрәйілұлы (1922-1990) – Абайдың баласы Тұра­ғұл­дың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл Абай­дың інісі Оспанның атына жа­зылған. Ұлы Отан соғысына қа­тысып, мүгедек болып оралған. Ал­маты қаласында тұрып, 1990 жы­лы дүние салған. хат Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) – Абайдың немересі. Қа­лы­шерге байдың тұқымы деген айып та­ғылып, жер аударылған. Фрунзе қа­ласынан әскерге аттанып, Отан со­ғысында 1942 жылы қайтыс бол­ған. Қапсәләм Әубәкірұлы (1907-1943) – Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қай­тыс болған. Абайдың немере-шө­берелерінің мұражай қорында Ұлы Отан соғысы жылдарында май­даннан жазған хаттары сақ­тау­лы. Абай ұрпақтарының бұл сә­лем хаттары Отанға, туған жерге де­ген сүйіспеншілік, патриоттық ыс­тық сезімге толы. Ишағы Жағыпарқызы – 1922 жы­лы Семей облысы Абай ауданы Қа­­рауыл ауылында туған. Ол Абай­­­дың ақын ұлы, «Еңлік-Ке­бек», «Медғат-Қасым» поэ­ма­ла­ры­­­ның авторы – Мағауияның ба­­ла­сы Жағыпардан тараған Абай­­­дың шөбересі. Ишағы Жа­ғы­пар­­қызы интернаттың 9-сы­ны­бында оқып жүргенде соғыс бас­талады. Алдымен отбасындағы ұл­дар майданға аттанған. 20 жас­тағы Ишағы Жағыпарқызы май­дан­ға өз еркімен сұранып, 1942 жы­лы 2 мамырда майданға жі­бері­леді. Жастайынан «Осавиа­хим»-ге мүше болып, мылтық атуды үй­­ренген Ишағы Жағыпарқызы Хабаровск қаласындағы авиа­ция­ның кіші мамандарын даярлайтын мек­тепке жіберіледі. Авиацияның кіші қызмет­кер­ле­рін дайындайтын курсты оқып бі­тіріп, авиаатқыш мамандығын алып, соғысқа аттанады. Қиыр Шы­ғыс майданының 307-авиа­пол­кінде Харбин маңында авиа­ция технигі болып қызмет еткен Иша­ғы Жағыпарқызы «шебер ат­қыш» деген атаққа ие болады. И.Сталиннің 1945 жылғы 23 та­мыз­­дағы №372 бұйрығымен Манч­­­журия аумағындағы Жа­по­нияға қарсы ұрысқа қатысып, көр­сеткен ерлігі үшін Ишағы Жа­­ғыпарқызына алғыс жария­ла­нады. Ишағы Жағыпарқызы – Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай ұрпағының тоғызының ішін­дегі аман оралған екеудің біреуі. Соғыстан кейін 1946 жылы Ал­матыға келіп Қыздар педа­го­ги­калық институтына оқуға түседі. Қо­лында әпкесі мен сіңлісі бол­ған­дықтан,  оқуды аяқтамай, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай оқу бө­лі­міне ауысады. 1954 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналасады. Сол жерде 40 жылға жуық кадр бөлімінде қыз­­мет істеп, 1988 жылы зей­нет­кер­­лікке шығады. Көзі тірісінде Абай ұрпақтарына қатысты құнды де­ректердің жариялануына өз сеп­­тігін тигізді. 2014 жылғы 12 мау­­сымда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шөбересі, асыл­дың сынығы Ишағы Жа­ғы­пар­­қызы 92 жасында дүниеден озды. – Қолда автомат, темір телпек басымда, Бейне серік сен жүргендей қасымда. Күш еселеп соққы берем жауыма, Жеңіс жақын, сен мұңайып жасыма. Осы шығарманың авторы –Жошы­хан Мағауин. Бұл өлең ажал­­мен арпалысқан ақын ұрпақ­та­рының аза жыры. Тасқа басыл­ған таңбасы. Ақындық пен ба­тыр­лық танытқан Абай ұрпақтары жү­ріп өткен жолы мен кешкен ғұ­мыры. Отан үшін жанын қиған Абай Құнанбайұлының ұрпақтары халықтың есінде мәңгі сақталмақ. Оларды біз сарғайған тарих парақ­та­рынан тауып, көздің қарашы­ғын­дай сақталып, бүгінге жеткен хат­тар арқылы жадымызда жаң­ғыр­тарымыз анық.  

Қуат ҚИЫҚБАЙ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері