Көктемгі қарбалас басталды, ал техника дайын ба?
Көктемгі қарбалас басталды, ал техника  дайын ба?
142
оқылды

Бүгінде оңтүстік өңірлер – Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызыл­ор­да облыстарында көктемгі егістік жұ­мыстары қызып тұр. Аталған ай­мақ­тарда ендігі ондаған мың гектар жер­ге дәнді дақылдар мен көкөніс жә­не бақша өнімдерінің тұқымдары сіңі­рілді. Ал еліміздің негізгі астықты ай­мақтары – солтүстік өңірлерде жап­пай егістік науқаны мамыр айы­ның ортасынан аса бір-ақ басталады.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде ауыл шаруашылығы секторына айтар­лық­тай басымдық берілген: мемлекеттік бюд­жет­тен көп көлемде субсидия мен дотация қа­­­растырылған, салық жүктемесі жеңіл­де­тілген, Үкімет бұл салаға шетелдік ин­вес­­торларды тартуға күш салып жатыр. Кейін­гі үш жылда агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) түрлі бағдарламалар бойынша бө­лін­ген қаржы көлемі 1,6 есеге ұлғайып, ол 2020 жылы 445,7 млрд теңгеге жетті. 2021 жы­лы осы мақсаттарға кемінде 416 млрд тең­ге бөлу жоспарланған.

Диқанның техникасы сайлы ма?

Дегенмен бұл салада шешімін күткен күр­­делі проблемалар әлі шаш етектен. Ай­­­­талық, ауылшаруашылық техни­ка­сы­ның жетіспейтіні өз алдына, фермерлік құрылымдардың қолындағы 143 мың трак­тор мен 37 мың комбайнның 80%-ы ескір­ген. Олардың орта жасы – 13-18 жыл. Оның бірталайы тек жамап-жасқаудың ар­­­қасында ғана ілдебайлап әзер жүр, егер жағ­дай көтерсе, ескі техниканы баяғыда-ақ күресінге тастай салуға болатындай еді. Қа­зақстанның аграршылары ескі тех­ни­ка­ларын ауыстырғысы келеді-ақ, бірақ оған қолдары қысқа. Бүгінде импорттық техниканы айт­па­ған­да, Қазақстанның өзінде төрт зауытта  трактор, үш зауытта комбайн құрастыры­лады. 2019 жылы фермерлер 3,4 мың трак­тор мен 1,2 мың комбайн, 2020 жылы 4,8 мың трак­тор мен 1,2 мың комбайн сатып алған. Ауыл шаруашылығы министрлігі На­рық­ты дамыту департаменті директорының орын­басары Шәймерден Ахметовтің ай­туын­ша, машина-трактор паркін жаңарту үшін лизингтік бағдарламалар жүзеге асы­ры­лып жатыр. Бірақ оның қарқыны әзір­ше қанағаттанарлық емес. Talap қол­дан­ба­лы зерттеу орталығының дерегіне сү­йен­с­ек, Қазақстанда көрші елдермен са­лыс­тыр­ғанда машина паркін жаңалау 4-9 есе баяу жүріп жатыр. «Біз машина-трактор паркін жаңарт­пай ауыл шаруашылығы саласын дамыту мүм­кін емес екенін түснеміз. Бірақ бүл үде­ріс баяу. Жыл сайын тек 4-5% ғана тех­ни­ка жаңар­ты­лады, ол ең құрығанда 7-8% -дан төмен бол­мауы тиіс еді», – деді Шәймерден Ахметов.

Көрпеңе қарай көсілген жақсы

Әлбетте, комбайн таңдағанда қазақ ди­қандарының көзі ең бірінші John Deer-ге түседі, бірақ «көрпеңе қарап көсіл де­мек­ші», әркім қалтасына қарайды ғой. Қым­бат импорттық техниканы (CLAAS, John Deer) сатып алуға шаруа қожа­лық­та­ры­ның небәрі 15%-ның шамасы жетеді. Бұл машиналардың құны – 120-150 млн тең­ге аралығында. Сондықтан неғұрлым бюд­жеттік нұсқаларын таңдайды. Мә­се­лен, Massey Ferguson. Оның құны 21 млн тең­ге болғанымен, мемлекет суб­си­дия­сы­ның арқасында диқан өз қалтасынан 16 млн теңгесін ғана төлейді. Шаруалардың 85%-ы батыстық дү­ние­ге қарағанда арзанырақ қазақстандық не­­месе ресейлік техниканы пайдаланады («Есіл», «Вектор»). Олардың құны 35-50 млн теңгенің үстінде. Сондай-ақ егістік да­ла­сын аңыздықтатып жүрген «Кировец» пен Buhler-ді де көруге болады. Бүгінде аг­рар­шылардың қолындағы тракторлар­дың – 95%-ы, комбайндардың 70%-ы – өз өнімдеріміз. Бір жылда отандық трактор са­тылымы  екі есе, комбайн сатылымы 1,7 есе артқан.

Субсидия отандық өнімге берілуі тиіс

Мемлекет аграрлардың сатып алған әр техникасы үшін 25% субсидия төлейді. Де­генмен Үкімет субсидияны өндіруші елге және техниканың құнына қарамай, бә­ріне бірдей бөлінеді. Ал импорттық дү­ниенің құны әлденеше есе қымбат тұра­тындықтан, оларға жұмсалатын қаржы да қо­мақты. Сол себепті импорттық техника са­тып алуға жыл сайын 180 млн доллар шы­ғын кетеді екен. Дегенмен 2014 жылдан бастап Қазақ­стан­ға сырттан тасымалданатын ауыл шаруа­шылығы машиналарының көлемі де азая түсті. Тек өткен жылдың өзінде ол 23%-ға құ­лады. Бұл теңгенің құнсыз­дануы­мен, отандық техникаға сұраныстың артуымен байланысты. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап ескі-құсқы машиналарды утилизациялық жи­нау шарасының енгізілуі де қазақстандық паркті жаңартып, отандық техникаға деген сұра­ныстың артуына ықпал етті. Тозығы жет­кен ауылшаруашылық машиналарын утилизацияға өткізген адамға сертификат (1,5 млн теңге) беріледі, ол жаңа техниканы са­тып алуға арналған алғашқы жарна бо­лып саналады. Бұл шара 2016 жылы Ре­сейде енгізілген еді, соның арқасында олар­дың өндіріс деңгейі бірден 32%-ға ар­тып кеткен.

Аграршылар лизингке арқа сүйейді

Ескірген машина-трактор паркін жаң­ғыртудың бір ұтымды жолы – лизинг. Қа­зақстандық фермерлер жыл басынан бері лизинг арқылы 2 мың дана ауыл шаруа­шылығы техникаларын сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен келі­сім­шарт­қа қол қойды. Дегенмен бұл өте аз, ол сұраныстың небәрі 5% -ын қамтиды. «Атамекен» ҰКП есебінше АӨК лизингтік мұқ­таждығы жылына 750 млрд теңге ша­масында. Тіпті, «ҚазАгроҚаржы»  ли­зинг­пен техника сатып алуға басқа жылдармен са­лыстырғанда ең көп ақша бөлді деген 2020 жылдың өзінде оның көлемі 110 млрд теңгеден аспаған, бұл қажет соманың 15 пайы­зына жетпейді. Бастапқы жылдары лизингтік техни­ка­ның басым бөлігі Ресейден алынса, кейін Еуропа Одағынан, АҚШ және Ка­нада мемлекеттерінен тасымалданатын тех­ника оларды алмастырып жатыр. Бү­гінде республиканың жалпы машина пар­кінің 30%-ы батыстық бренд үлесінде. Олар­­­дың бірқатары өз өкілдіктері мен сервистік орталықтарын ашып алған. – Егер сервистік қызметі болмаса, он­дай фирмадан техника сатып алынбайды. Бұл шартпен жабдықтаушылар да, ди­лер­лер де келіскен. Қазіргі күні Қазақстанда түр­лі компаниялардың 49 сервистік ор­та­лық­тары жұмыс істейді. Ал «Агро­маш­хол­дингтің» тораптық желілері рес­пуб­ли­ка­ның бүкіл аумағын қамтиды. Сондай-ақ «Ростсельмаш», Claas, John Deere және т.б. өз орталықтары бар, – дейді АШМ АӨК Тех­никалық саясат департаментінің бас­қар­ма бастығы Дуғали Әбенов.

Ішкі нарықты қорғау

Отандық ауыл шаруашылығы маши­на­ларын өндірушілер мен дилерлер көп жыл­дар бойы ішкі нарықты көрші мем­ле­кеттердің (Ресей, Беларусь, Қырғыз Ре­с­пуб­ликасы) «шапқыншылығынан» қор­ғау­ға дәрменсіз болды. Өйткені 2019 жылға дейін сырттан тасымалданатын егістік техникаларына утилизациялық салық са­лынбады. Соның салдарынан Қа­зақ­станда ресейлік дилерлердің тракторлары мен ком­байндарының құны қазақстандық ди­лерлерге қарағанда анағұрлым арзанға түс­ті. Ал көрші мемлекеттердің өздерінде ути­лизациялық алым алынатындықтан қа­зақстандық техниканың олардың на­ры­ғына шығару тағы да мүмкін болмады. Сондай-ақ Минск трактор зауытының да Қазақстанда бірнеше өткізу пункттері қалыптасқан әрі оның өнімдерін Беларусь мем­лекеті субсидиялап отырды. Нәти­же­сінде Беларусь Республикасында жасалған МТЗ Қазақстанда жасалатын МТЗ-ге қара­ғанда анағұрлым арзанға сатылды. Бұл келеңсіздіктер отандық кәсіпорын­дар­дың өндіріс қуатына да орасан зор зиян кел­тірді. Мысалы, «СемАЗ»АҚ-ның өн­діріс­тік қуаты жылына 3 мың трактор бол­ғанымен, ол кейінгі он жылда тек 1,5 мың дана  шығарып келген. Ал кейінгі 5 жылда тіпті зауыт қақпасынан жылына 500-ден артық трактор шықпайды. Оның есе­сіне беларусьтер біздің нарықта жы­лына өздерінің 1 мың тракторын сатып жүр. «Гомсельмаш», «Ростсельмаш» және т.б. кәсіпорындарға қатысты да осыны айтуға болады. Сөйтіп, қаржының бәрі көрші мем­лекеттерге кетіп жатты. Енді утилизациялық алымның арқа­сын­да жергілікті зауыттар өз нарығын «бас­қыншы өнімдерден» қорғай алатын бол­ды. Бұл отандық өндірістің маржасын кө­теруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар им­порттық техника 5%-дық баж салы­ғы­ның, 12% ҚҚС және 20% утилизациялық алым­ның әсерінен 37%-ға қымбаттап, бұл атал­ған салықтар түрлері алынбайтын отан­дық өнеркәсіпке үлкен басымдық бе­реді.

Дәулет АСАУ